Алматы облысында су басу қаупі жоғары 13 учаске анықталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы облысының төрт ауданында су басу қаупі жоғары 13 учаске анықталды.

Алматы облысы әкімдігінен мәлім еткендей, күн сайын су басу қаупі бар аймақтарға мониторинг жүргізіледі. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жаңадан әзірленген «Tasqyn» ақпараттық жүйесі енгізіліп, мамандар арнайы оқудан өтіп жатыр.

— 63,6 шақырым арық желісі мен 30 шақырым канал қардан, мұздан және қоқыстан тазартылды. 78 су өткізу құбыры (автомобиль және теміржол астындағы) қалпына келтірілді. Елді мекендерден қар шығару үшін 6 арнайы орын белгіленді, мердігерлік ұйымдармен келісім жасалды. 17 мың текше метр қар шығарылды, — деп хабарлады әкімдіктен.

Бұдан бөлек, өңірде су деңгейін бақылау үшін 42 гидропост орнатылды. Оның 27-сі «Қазгидрометке», ал 15-і «Қазселденқорғау» мекемесіне тиесілі. Облыстың 4 ауданында су тасқыны қаупі жоғары 13 учаске анықталды. Бұл аймақтарда 11 мыңнан астам тұрғын үй бар. Онда 34 мыңнан астам адам тұрады.
Сонымен қатар су тасқыны кезінде үздіксіз жұмысты қамтамасыз ету үшін
1136 маман және 347 арнайы техника дайындалды.
Осыған дейін еліміздің барлық су қоймалары су тасқыны кезеңіне дайындалып жатқаны туралы жазған едік.
Сондай-ақ Tasqyn су болжау жүйесі қолданысқа берілді.