Алматы облысында су тасқынына дайындық қалай жүріп жатыр
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында ТЖД мамандары көктемдегі су тасқыны қауіпінің алдын алу шараларын қолға алды.
Облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бас маманы Ерназар Қырғыз өңірде 72 су қоймасы, 116 тоған мен 10 бөгет тексеріліп, 99 магистралдық канал бақылауға алынғанын айтты.
Оның сөзінше, облыста су деңгейін бақылау үшін 42 гидропост жұмыс жасайды.
- Су басу қаупі бар аймақтар тәуекел белгілеріне қарап үш топқа бөлінді. Қызыл аймаққа - Жамбыл, Қарасай, Талғар Еңбекшіқазақ пен Іле аудандары жатады. Ал Райымбек, Кеген және Ұйғыр аудандарында қауіп деңгейі орташа. Балқаш ауданы, Алатау және Қонаев қалаларында тәуекел шегі төмен деп белгіленді, - деді ол.
ТЖД өкілі қазірге дейін 57 шақырым арық пен 37 шақырым канал тазаланып, 48 су өткізу құбыры ретке келтірілгенін атап өтті. Жалпы облыста су тасқыны болған жағдайда 1136 қызметкер мен 347 арнайы техника жұмылдырылады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан жолдары су тасқынына қаншалықты дайын екенін жазғанбыз.