Алматы облысында су үнемдейтін аппараттар зауыты ашылады
Алматы облысының 4 пайызға жетпейтін жерінде ғана су үнемдейтін технологиялар қолданылады. Енді облыста су үнемдеу аппараттарын шығаратын зауыттар ашылмақ. Бұл туралы Алматы өңірінің әкімі Марат Сұлтанғазиев «Jibek Joly» телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Бағдарламада айтылғандай, ауыл шаруашлығында облыстың әлеуеті жоғары. Алайда су тапшылығы кедергі келтіруде.
«Біздің облыста халықтың 84 пайызы ауылдарда мекендейді. Қалған 16 пайызы ғана қалаларда тұрады. Әрине, ауыл шаруашылығының дамуы біз үшін өзекті мәселе. Өйткені ол ауыл тұрғындарының табысы мен кірісіне тікелей қатысты. Су тапшылығы бойынша биыл 3 мың гектарға егіндік алқаптарын ұлғайттық. Бірақ су тапшылығы сезілді. Ол бар. Сонымен қатар сараптап қарасақ, біздің тек қана 4 пайызға жетпейтін жеріміз ғана су үнемдейтін технологияларды қолданады. Егер бұл технологияларды мүмкіндігінше толық қолдансақ, су тапшылығы сезілмеуші еді», – деді облыс басшысы.
Әкімнің айтуынша, су үнемдеу технологияларының таралмауына екі себеп бар. Бір жағынан технологияның қымбат құны, екінші жағынан – тұрғындар арасында түсіндіру мен ақпараттандырудың болмауы.
«Сондай-ақ технологияларды тарату мен қаржыландыру мәселелерін шешу керек. Өткенде Қытай жақтағы көршілес облысқа барып келдік, олар жерінің 90 пайызында жаңбырлатып, тамшылатып суару секілді үнемдеу технологияларын қолданады екен. Кейін өзімізде тамшыландыру, жаңбырлату аппараттарын шығаратын бірнеше зауыт ашуды жоспарлап отырмыз. Сол зауыттар ашылса, әрі қарай біздің шаруашылықтарды байланыстырамыз. Ол бүгінгі күннің талабы болып отыр. Онсыз судың тапшылығы жылдан-жылға сезінеміз», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Бұған дейін Алматы облысының әкімі мектеп жасындағы балалар саны жыл сайын 13 мыңға көбейетінін, өңірде баспана салу көрсеткіші де артып келе жатқанын айтқан еді. Сондай-ақ Алматы өңірінің билігі тұрғын үйді салудың орнына дайынын сатып алу принципіне көшкені мәлім етілді.