Алматы облысында тегін 10 сотық жерге қанша адам кезекте тұр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы облысында кейінгі үш жылда өңір тұрғындарына 1002 жер телімі берілген.

Бұл туралы Kazinform сауалына жауап берген Алматы облысының жер қатынастары басқармасы мәлімдеді.
— Бүгінгі күнге дейін Алматы облысында жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімін алуға кезекте 1 309 052 азамат тіркелген. Кейінгі үш жылда облыс тұрғындарына 1002 жер телімі берілді. Жер телімдері Жер кодексі мен «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң талаптарына сәйкес кезек тәртібімен беріледі, — делінген жауапта.
Қазіргі уақытта жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімін беру бойынша бұрын берілген өтініштерді өңдеу жұмысы жүріп жатыр. Кезек өтініштердің қабылданған күніне қарай заңда белгіленген тәртіппен жылжиды.
Облыста бүгінгі күні жеке тұрғын үй құрылысына жарамды жаңа аумақтарды дайындау жұмысы жүріп жатыр. Атап айтқанда: автожолдар салу, электр желілерін тарту, сумен жабдықтау және газбен қамту, сондай-ақ қала маңы және жаңа тұрғын аудандарды дамыту.
— Жаңа жер телімдерін пайдалануға жарамды ету үшін инфрақұрылым құру қажет. Ауылдық және қалалық әкімдіктер қала маңы мен жаңа тұрғын аудандардың инфрақұрылымын дамыту бағытында жұмыс істеп жатыр, — делінген басқарма жауабында.
Кезектегі орынды бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры порталындағы «Жер телімін алушылардың тізімі» бөлімінен көруге болады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда тегін 10 сотық жер беру тоқтатылғанын жазғанбыз.