Алматы облысында тұрғындар өз қаражатына салған жолды қазып тастаған мекемеге шағымданды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысының тұрғыны әлеуметтік желіде ауылдағы жолдың жағдайына шағымын білдірді.

Алматы облысында тұрғындар өз қаражатына салған жолды қазып тастаған мекемеге шағымданды
Фото: Қарасай ауданы әкімдігі

Желі қолданушысының жазуынша, Қарасай ауданы, Кемертоған ауылында тұрғындар ақша жинап, өздері жолға асфальт төсеген. Бірақ су жүргізу мақсатында оны «Қарасай су» мекемесі қазып, жұмыстарды жүргізгеннен кейін қалпына келтірмеген.

— Ертең мына ми батпақ қатып, мұзға айналса, көшемен жүру мүлде мүмкін болмай қалады. Балалар мектепке қалай барады? Жедел жәрдем қалай кіреді? Халықтың маңдай терімен салынған жолдың сұрауы кімде? — деп жазды тұрғын.

Аталған жағдайға Қарасай ауданының әкімдігі түсініктеме берді. Ресми жауапқа сәйкес, тұрғындар шағым білдірген жолдар қалпына келтіріледі.

Алматы облысында тұрғындар өз қаражатына салған жолды қазып тастаған мекемеге шағымданды
Фото: Қарасай ауданы әкімдігі

— Қазір Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоған ауылында ауыз су құбырларын тарту жұмыстары жүргізілгеннен кейін жол жабынын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жолдың жүруге қолайлылығын қамтамасыз етуге және көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған, — деп хабарлады аудан әкімдігінен.

Аталған жұмыстар аясында мердігер ұйым «Байсын-А» ЖШС 18 қарашада 3 жүк көлігімен құм-қиыршық тас қоспасын жеткізіп, жолға төселген. Ал 19 қарашада жолды қалпына келтіру жұмыстары жалғасын тауып, қосымша 4–5 жүк көлігі көлемінде құм-қиыршық тас қоспасын жеткізілген.

Еске салайық, ШҚО-да жаңа жылу құбырлары ауылдық округ әкімінің әкесінің үйіне тартылған.