Алматы облысының мәслихаты Конституция жобасын қолдады

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Конституция жобасындағы цифрлық ортаны реттеу және жекелеген өңірлер мәртебесіне қатысты ұсыныстар Алматы облысының тұрғындары үшін айрықша маңызды. Бұл туралы Алматы облысы мәслихатының төрағасы Қуат Байғожаев Конституциялық комиссияның XI отырысында айтты.

Конституциялық реформа
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, Алматы облысы — халық тығыз қоныстанған, цифрлық сервистер белсенді іске қосылған өңірлердің бірі. Сондықтан, ұлттық экономиканың өсу драйверіне айналуы тиіс «Alatau City» жобасы дәл осы өңірде қолға алынып жатыр.

— Бүгінде азаматтардың қауіпсіздігі мәселесі қалыптасқан ұғымдар шеңберінен шығып, цифрлық технологиялар деңгейіне дейін көтерілгенін көріп отырмыз. Цифрлық технология қоғамның барлық саласына араласып, күнделікті адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Ал жаңа Конституция жобасында азаматтардың цифрлық саладағы құқығын қорғау міндеті қарастырылғаны — бүгінгі күн талабы екені даусыз, — деді Қ. Байғожаев.

Спикердің айтуынша, азаматтардың өзара хат-хабар алмасу қауіпсіздігі, электронды коммуникация, дербес деректердің қорғалуы сынды мәселелердің қамтылуы жеке өмір құпиясы кепілдігін нығайтып, цифрлық сервистерге деген сенімді күшейтеді.

— Олардың конституциялық деңгейде бекітілуі цифрлық қауіпсіздік саласындағы заңнаманы әрі қарай дамыту тәжірибесіне берік негіз бола алады. Әсіресе, Конституция жобасының құқықтар мен бостандықтарды кемітпей, оларды жаңа технологиялық жағдайларға бейімдеу қағидатын басшылыққа алатыны азаматтар үшін өте маңызды. Ұсынылып отырған өзгерістер азаматтар үшін нақты мәселелерден көрініс табуы қарапайым азаматтардың күнделікті өмірде алаңсыз болып, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін күшейтуге әсер етеді, — деді ол.

Сөз соңында Комиссия мүшесі Конституция жобасы жеткілікті пысықталғанын және оны бүкілхалықтық референдумға шығаруға болатынын айтты.

Еске сала кетсек, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ата Заңымызға қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданатынын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар