Алматы облысының шаруалары жеңілдетілген дизель отынымен толық қамтылды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында көктемгі және күзгі дала жұмыстарына арналған дизель отынын бөлу және жеткізу жұмыстары жоспарға сай іске асырылып жатыр. Бұл туралы Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Димаш Сыдықов өңірлік коммуникация алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Димаш Сыдықов
Фото: Алматы облысы әкімдігі

Биыл көктемгі дала жұмыстарына 3 650 тонна дизель отыны бөлінген. Ал күзгі науқанға облыстың 201 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі тарапынан 1 366,7 тонна отынға өтінім берілген. Бұл көлем толықтай жеткізіліп, бүгінге дейін 100% – 1 366,7 тоннасы шаруаларға жөнелтілді.

Күзгі науқанға бөлінген дизель отыны өңірлерге мынадай көлемде жеткізілді:

• Райымбек ауданы – 313,8 т (60 АШТӨ)
• Жамбыл ауданы – 193,6 т (33 АШТӨ)
• Еңбекшіқазақ ауданы – 162,3 т (29 АШТӨ)
• Іле ауданы – 186,5 т (23 АШТӨ)
• Ұйғыр ауданы – 37,8 т (20 АШТӨ)
• Кеген ауданы – 56,3 т (13 АШТӨ)
• Қарасай ауданы – 111,4 т (8 АШТӨ)
• Талғар ауданы – 120,9 т (8 АШТӨ)
• Қонаев қаласы – 159,1 т (6 АШТӨ)
• Балқаш ауданы – 25 т (1 АШТӨ)

2025 жылға облысқа 5016,7 тонна дизель отыны бөлінген. Бұған қоса, шаруалардың сұранысын өтеу мақсатында тағы 3 мың тонна қосымша дизель отынына өтінім қабылданып жатыр. Қосымша көлемнің 43,3 тоннасы шаруашылықтарға жөнелтіліп үлгерді.

Сонымен бірге, 2025 жылдың 1–30 желтоқсан аралығында көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қажетті дизель отынына өтінім қабылдау басталады.

«Біз үшін ең басты міндет – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін уақытылы әрі жеткілікті көлемде дизель отынымен қамтамасыз ету. Биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарына бөлінген отын толық жеткізілді. Қосымша сұраныстар да назарда, шаруаларға қажетті көлем кезең-кезеңімен беріліп жатыр. Бұл – аграрлық сектордың тұрақты жұмыс істеуіне жасалған қолдау», – деді Димаш Сыдықов.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін дизель отынының бағасы нарықтан 26%-ға арзан — литрі 250 теңге көлемінде белгіленген.

Айта кетейік, Алматы облысының шаруалары PepsiCo-ға картоп жеткізе бастады.

Соңғы жаңалықтар