Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шет ауданында 650 гектар аумақтағы табиғи өрт оқшауланды

АСТАНА. KAZINFORM — Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығы аумағында 613,6 гектар құрғақ шөп пен орманмен көмкерілген аумақта өрт шықты. Мамандар өрттің орман алқаптарына одан әрі таралуға жол бермей, ауыздықтады. Бұл туралы ТЖМ мәлім етті.

Шет ауданында 650 гектар аумақтағы табиғи өрт оқшауланды
Видеодан алынған скрин

650 гектар жерді өрт шарпыған. Қызыл жалынды сөндіруге таулы-жоталы жер бедерінің күрделілігі, тіпті кейбір учаскелердің қолжетімсіздігі сондай-ақ қатты екпінді жел қиындата түскен.

— Қабылданған шаралардың нәтижесінде өрттің таралуы тоқтатылды. Қолжетімсіз аумақтардағы жекелеген ошақтарды сөндіру үшін ТЖМ авиациясы тартылды, — делінген хабарламада.

Су төгу құрылғыларымен жабдықталған «Қазавиақұтқару» тікұшақтары арқылы жалпы көлемі 78 тонна су 26 рет төгілген.

Өртті сөндіруге ТЖМ, жергілікті атқарушы органдардың, орман шаруашылықтарының және өзге де өзара іс-қимыл жасайтын қызметтердің шамамен 310 қызметкері мен 44 техникасы, сондай-ақ «Қазавиақұтқару» кәсіпорнының 2 тікұшағы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта жекелеген бықсыған ошақтарды жою және аумақты суару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 Жағдай ТЖМ бақылауында.

Айта кетейік, бүгін ШҚО-да орман өрті тіркелді.