Алматы полициясы қала орталығындағы заң бұзған клубтың қызметін тоқтатты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алмалы ауданында полиция қызметкерлері Әйтеке би көшесінде орналасқан ойын-сауық орындарының бірінде тыйым салынған заттарды заңсыз пайдаланылғанын және оларды таратқанын анықтады.
Полицияның мәліметінше, тексеру кезінде бұл мекемеден өткір иісі бар төрт газ баллоны тәркіленді. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл баллондар құрамында тыйым салынған заттарға немесе олардың прекурсорларына жататын күшті әсер ететін заттар болуы мүмкін.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы мен құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлғалар анықталып жатыр. Сондай-ақ ойын-сауық орнының қызметі уақытша тоқтатылды.
– Мұндай әрбір дерек полицияның ерекше бақылауында болады. Тергеу жалғасып жатыр, оның қорытындысы бойынша барлық қатысы бар тұлғаның әрекетіне құқықтық баға беріледі, - деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.
Полиция тыйым салынған заттарды пайдалану мен таратудың азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін және мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертті.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда түнгі клубтың аспазы есірткі таратты деген күдікке ілінгенін хабарлағанбыз.