Алматы полициясы Республика күні қарсаңында күшейтілген режимге көшеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы полициясы Республика күні қарсаңында, яғни 25 қазан күні күшейтілген қызмет атқару тәртібіне көшеді. Қоғамдық тәртіпті сақтауға мереке күндері 3,5 мың полицей жұмылдырылады.

а
Фото: Еламан Тұрысбеков / Kazinform

Бұл туралы Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек айтты.

Оның сөзінше, Алматыдағы криминогендік жағдай тұрақты және бақылауда. Оның дәлелі – қылмыс деңгейінің 12% төмендеуі. Сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу көрсеткіші де жақсарған.

– Мереке күндері ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген режимде қызмет атқарады. Барлық бөлімше – патрульдік полиция, учаскелік инспекторлар, ювеналды және көші-қон қызметі, кинологтар мен жедел бөлімшелер жұмысқа тартылады, - деді Салтанат Әзірбек.

Қоғамдық көлікте және азаматтар көп жиналатын орындарда – саябақтарда, алаңдарда, сауда-ойын-сауық орталықтарында бақылау күшейтіледі.

Ведомствоның ресми өкілінің айтуынша, қалада көлік қозғалысын шектеу жоспарланбаған. Бұл мәселе мерекелік іс-шаралар өткізу кезіндегі жағдайға байланысты шешіледі.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Республика күні қалай атап өтілетінін жазғанбыз.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалада концерт, спорттық жарыстар, экологиялық акциялар мен патриоттық кездесулер ұйымдастырылады. Жалпы мегаполисте 100-ден астам іс-шара өтеді.

Соңғы жаңалықтар