Алматыда 13 адам өлім құшқан хостелдегі өрт бойынша іс сотқа жіберілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының прокуратурасы 2023 жылдың 30 қарашасында 13 адамның өмірін қиған хостелдегі өртке байланысты тергеудің аяқталғанын хабарлады. Іс сотқа жіберілген.

Алматыда 13 адам өлім құшқан хостелдегі өрт бойынша іс сотқа жіберілді
Фото: Александр Павский / Kazinform

Прокуратураның мәліметіне сәйкес, бұл факт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген (екі және одан да көп адамның абайсызда қайтыс болуына әкеп соққан, оларды сақтауға жауапты адамның өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуы).

– Екі адам айыпталушы ретінде жауап береді. Айыптау актісі бар қылмыстық іс Алмалы ауданының сотына қарау үшін жіберілді, - деп хабарлады қалалық прокуратурадан.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды. 

Еске салайық, 2023 жылдың 30 қарашасында Әди Шәріпов, 86 мекенжайы бойынша «Almaty Hostel» хостелі өртенген болатын. 

Төтенше жағдай департаментіне өрт туралы хабарлама 05:33-те түскен. Өрт салдарынан хостелде 13 адам қайтыс болды. Мерт болған 13 адамның төртеуі – шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), қалған тоғызы – Қазақстан Республикасының азаматтары. 

Кейінірек өртенген хостелдің иелері белгілі болды. Хостел ғимараты Halyk Bank-ке тиесілі. Оны жалға алған – «ALA Hostel» ЖШС. Жалдау туралы келісімшарт 2023 жылы 21 қыркүйекте жасалған. 

Өткен жылдың желтоқсан айында хостелдің басшысы ұсталды.  

Соңғы жаңалықтар