Алматыда 158 жетім бала отбасыларда тәрбиеленіп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Ұлттық бала асырап алу агенттігі» жобасының жетекшісі Фарида Рахметова кәсіби қабылдаушы отбасы институты туралы айтып берді.

Алматыда 158 жетім бала отбасыларда тәрбиеленіп жатыр
Фото: Halyq Uni

Спикердің сөзінше, «Ұлттық асырап алу агенттігі – бұл Қазақстанда асырап алу мәдениетін дамытуға және кәсіби қабылдаушы отбасыларды қолдауға арналған жоба. Оның осы бағытта жұмыс істеп жатқанына 8 жыл болды.

– Қазір елде 20 кеңес беру кабинеті жұмыс істейді, онда мамандар жетім балаларды отбасына қабылдағысы келетін азаматтарға көмек көрсетеді. Тек Алматының өзінде жоба іске қосылған кезден бастап 2 285 адам мамандардан кеңес алып, ал 818 азамат қабылдаушы ата-аналар мектебінде дайындықтан өтті,– дейді Фарида Рахметова.

Осы бағдарламаның нәтижесінде 105 алматылық отбасы 158 жетім баланы өз қамқорлығына алды.

– Соңғы 12 жыл ішінде интернаттық мекемелердегі балалар саны 10 мыңнан 4 мыңға дейін қысқарды. Алайда соңғы бес жылда бұл көрсеткіш өзгеріссіз қалып отыр. Бұған басты себеп – жетім қалған балалардың көбінің жасөспірімдер, ерекше қажеттіліктері бар балалар немесе бауырларының болуы. Мұндай балаларды дәстүрлі қабылдаушы отбасыларға орналастыру қиынырақ, – деп түсіндірді «Ана үйі» қорының психолог қызметінің жетекшісі Лаура Ақатаева.

Айтуынша,осыған байланысты кәсіби қабылдаушы отбасы институтын енгізетін заң жобасы әзірленді. 2025 жылдың басында Мемлекет басшысы
мақұлдап, құжат «Неке және отбасы туралы» кодекске ресми түрде енгізілді.

Жаңа жүйе аясында қабылдаушы ата-аналар арнайы дайындықтан өтіп, кәсіби негізде жұмыс істейтін болады. Оларға мемлекет тарапынан қаржылық қолдау көрсетіледі.

– Яғни, әрбір ата-анаға 70 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) және баланы асырауға 10 АЕК көлемінде ақша төленеді. Бұдан бөлек, мұндай отбасыларға құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетіледі. Қабылдаушы ата-аналар қатаң іріктеуден өтеді, олардың мотивациясы мен дайындық деңгейін анықтау үшін диагностикалық сұхбат жүргізіледі. Бала отбасына қабылданғаннан кейін тұрақты түрде мамандар оны қолдап отырады, – деп түйіндеді Фарида Рахметова.

Еске салайық, бұған дейін баланы қабылдайтын кәсіби отбасылар институты жұмысын бастайтыны туралы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар