Баланы қабылдайтын кәсіби отбасылар институты жұмысын бастайды

АСТАНА. KAZINFORM – Баланы қабылдайтын кәсіби отбасылар институты енгізіледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.

Парламент
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Қиын жағдайға тап болған балаларға сенім мен жылулық атмосферасын қалыптастыру, психо-эмоционалды жағдайын сақтау, күйзелістен қорғау, қоғамда табысты әлеуметтендіру мақсатында отбасылық орналастырудың жаңа нысанын енгізу ұсынылады. Баланы қабылдайтын кәсіби отбасылар институтын енгізу кезінде тиісті жаңа тәсілдер әзірленді. Балалар анықталғаннан кейін, балалалар үйіне емес, бірден отбасыларға табысталады. Әрбір бала ата-ананың назарымен және қамқорлығымен қамтылуы үшін бір кәсіби отбасында балалар саны 4-тен аспайды. Баланы қабылдайтын кәсіби отбасы мәртебесін алуға үміткер отбасылар психологиялық даярлықтан өтеді», - деді Ғани Бейсембаев.

Осы орайда Парламент Мәжілісіндегі баспасөз мәслихатында осы жаңа институтқа қатысты Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан түсінік берді.

«Заң жобасы ата-ананың қамқорлығынсыз қалған немесе қиын жағдайға тап болған балаларды қабылдаушы отбасыларға орналастыру институты енгізілмек. Мәселен, қазір балалар осындай жағдайға тап болғанда, бірінші кезекте интернаттық ұйымға орналастырылады. Отбасында жүрген балалардың өміріндегі бұл өзгеріс стресс тудырады. Сондықтан заң жобасы аясында арнайы дайындықтан өткен, тіркеуге қойылған отбасылар дайындалады. Осы отбасыларға балалар уақытша орналастыралады. Бұл отбасылар балаларды тәулік бойы қабылдайды, яғни кез келген уақытта балаларға отбасылық қамқорлық жасауға дайын болады. Бұл отбасыларға апарған кезде, балаларды ары қарай тұрақты отбасына орналастырудың тетігі жүзеге асырылады. Атап айтқанда, осы балаларды қабылдай алатын жақын туыстары іздестіріледі», - деді вице-министр тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, заң қабылданғаннан кейін 6 ай уақыт ішінде жергілікті әкімдіктер қабылдаушы отбасыларды дайындайды.

Осыған дейін колледждерде онлайн оқыту мен академиялық ұтқырлық енгізілетіні туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар