Алматыда 1908 жылғы көне ғимарат неге бұзылып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімдігі қалада бұзылып жатқан ескі ғимаратқа қатысты қоғамда тараған пікірлерге түсінік берді.

Алматыда 1908 жылғы ғимарат бұзылып жатыр
Фото: Алматы әкімдігі

Кейінгі күндері БАҚ пен әлеуметтік желілерде Алматыдағы «тарихи ғимарат бұзылып жатыр» деген ақпарат тарады. Алайда қалалық билік бұл нысанның тарихи ескерткіш мәртебесі жоқ екенін мәлімдеді.

Алматыда 1908 жылғы ғимарат бұзылып жатыр
Фото: Алматы әкімдігі

Қалалық мемлекеттік активтер басқармасының дерегінше, Гоголь көшесі, 45 мекенжайында орналасқан екі қабатты ғимарат 1908 жылы салынғанымен, ол тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілмеген. Сондай-ақ нысанға тарихи-мәдени мұра мәртебесі берілмеген.

Әр жылдары бұл жерде түрлі қалалық қызметтер орналасқан. Алайда 2022 жылдан бері ғимараттың техникалық жағдайы нашарлап, іс жүзінде пайдаланылмай келген.

Алматыда 1908 жылғы ғимарат бұзылып жатыр
Фото: Алматы әкімдігі

– 2025 жылы жүргізілген техникалық тексеру қорытындысы бойынша нысан апатты деп танылып, оның қалпына келтіруге жарамсыз екені анықталды. Осыған байланысты ғимаратты бұзу туралы шешім қабылданды, - деп хабарлады қала әкімдігі.

Қазір бұзу жұмыстары аяқталуға жақын. Босатылған жер телімі мемлекеттік жер қорына берілген.

Алматыда 1908 жылғы ғимарат бұзылып жатыр
Фото: Алматы әкімдігі

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 1938 жылы салынған перзентхана ғимараты толықтай бұзылған еді.

Қала әкімдігінің мәліметінше, ғимаратқа жүргізілген техникалық тексеру нәтижесінде тірек құрылымдары мен инженерлік желілерінің 100 пайыз тозғаны анықталған. Өрт қауіпсіздігі, желдету, гидрооқшаулау жүйелері қазіргі заман талаптарына сай келмеген, сондай-ақ науқастарды тасымалдауға арналған жедел саты болмаған.

Алматыда 1908 жылғы ғимарат бұзылып жатыр
Фото: Алматы әкімдігі

 

Соңғы жаңалықтар