Алматыда 670 түлек «Алтын белгіге» үміткер
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биыл Алматыда 670 түлек «Алтын белгі» алуы мүмкін. Бұл туралы қалалық білім басқармасы мәлім етті.

Басқармадан хабарлағандай, 2024–2025 оқу жылында Алматы қаласында 349 465 бала білім алды. Соның ішінде 18 мыңнан астамы – 11-сынып оқушысы.
– Осы 1 764 түлек мектепті үздік бітірді, 670 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 11-сынып оқушыларының 92,1 пайызы – яғни 17 522 адам – қатысатынын растады, – деп атап өтті ведомстводан.
Айта кетейік, биыл Алматы мектептерінің түлектері қалалық және республикалық олимпиада да топ жарды. Жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша бірінші орынды иеленіп, 66 медаль мен гран-при жеңіп алды.
Осыған дейін ел бойынша, 217 мыңға жуық мектеп түлегінің 183 мыңы ҰБТ тапсыратыны туралы жазған едік.
Сондай-ақ Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басып жатқан жеткіншектерге кеңес берген еді.