Алматыда ғимараттың беріктігін 9 балдық жер сілкінісі арқылы тексереді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақстан зілзалаға төтеп беретін құрылыс нормалары бойынша ТМД елдерінде алдыңғы қатарда. Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты арнайы құрылғы арқылы ғимараттардың сейсмикалық төзімділігіне тексеру жүргізеді. Бұл туралы «ҚазҚСҒЗИ» АҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ералы Шоқбаров айтты.

құрылыс
Фото: ҚазҚСҒЗИ

Айтуынша, 2019 жылы ТМД елдерінде сейсмикаға төзімді құрылысты дамыту мәселесін шешу үшін негізгі алаң ретінде Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты таңдап алынған. 

үй
Фото: ҚазҚСҒЗИ

— Себебі, зілзалаға төтеп беретін құрылыс нормалары бойынша Қазақстан ТМД елдерінде алдыңғы қатарда. Өйткені, ҚазҚСҒЗИ ғана ғимараттарды сынақтан өткізе алады. Мұндай құрылғы Кеңес дәуірінен бері бізде сақталған. Ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділігін арнайы діріл машинасы арқылы тексереміз. Бізде сондай төрт кешенді құрылғы бар, — дейді ол.

Жақында Алматының сейсмикалық қаупі басым аумағында орналасқан көпқабатты тұрғын үйге күші 9 балдық жасанды жер сілкінісін жасап, нысанның сапасын бағалаған.

— 14 қабатты үйдің шатырына орнатылған арнайы құрылғы нағыз жер сілкінісі кезінде болатын дірілді тудырып, ғимараттың қаңқасындағы өзгерістерді тіркеп отырды. Бұл деректер негізінде ғимараттың сейсмикалық төзімділік талаптарына қаншалықты сәйкес келетіні анықталады. 2002 жылдан бері Қазақстан бойынша елуге жуық ғимаратты сынақтан өткіздік, оның басым бөлігі Алматыда, — дейді ол.

Маманның сөзінше, жаңа салынып жатқан үйлерді тексеруге мәжбүрлейтін заң жоқ, бұл - ерікті процедура.

— Осы тұста айта кеткен жөн, мұндай сынақ барлық үйге жүргізілмейді. Біздің қызмет ақылы. Типтік ғимараттар қазір жоқ. Құрылыс компаниялары ғимараттарды жеке жобасы бойынша салады. Өзіне берік ірі компаниялар ғана келіп сынақтан өткізу үшін шартқа отырады. Ол саусақпен санарлықтай ғана. Сондықтан бәріне кепіл бола алмаймыз. Бізге көп жағдайда құрылыс нормасынан ауытқып кеткен кезде ғана жүгінеді. Бірақ ғимараттың сапасына құрылыс салушы жауапты, — дейді спикер.

Жасанды жер дүмпуін тудыратын діріл машинасының төрт түрі бар.

— Олар — В1, В2, В3, В4. Мысалы В1 шағын бір қабатты ғимараттарды тексереді, В2 одан үлкенірек екі қабатты тербетеді. Яғни, қуатына байланысты қолданамыз. Кеңес кезінде бұл құрылғыны Анатолий Шапиро деген ғалым ойлап тапқан. Ресейде жасалған машина. Бұл құрылғыларға 50-60 жыл болды. Бұзылып қалса, жөндеп аламыз. Өйткені қазір мұндай құрылғы шығарылмайды, — деді ол.

сейсмо
Фото: ҚазҚСҒЗИ

Спикер алдағы уақытта жаңа құрылғы алу жоспарда бар екенін атап өтті.

— Заманауи сейсмоплатформа алу ойымызда бар. Биыл министрлікке ұсыныс жасадық. Егер қолдау тауып жатса, аламыз. Мұны жапон елінде қолданады. Олар ғимараттарды үстінен емес, астынан тербейді. Оның есеп-қисабын жасап қойдық. Осындай платформа жасайтын бірнеше мемлекетпен келісім жүргізіп жатырмыз. Әзірге бағасын біле алмай отырмыз. Еуропада келісімшартқа отырмасаң құнын айтпайды, бізде керісінше бірінші бағасын беріп, сосын келісімге келеміз. Осы тұстары қиындық туғызып отыр, — деді Ералы Шоқбаров.

Соңғы жаңалықтар