Алматыда Абай даңғылының бір бөлігі 10 күнге жабылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда Абай даңғылының ұзартылуына байланысты көшенің бір бөлігі біраз уақытқа жабылады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда, 19 қыркүйек күні 23:00-ден 29 қыркүйек 23:00-ге дейін Алатау даңғылынан Строительная көшесіне дейінгі учаскеде қозғалыс жабылады. Айналма жол оңтүстік бағытта - Строительная, Құндызды, Сабденов көшелерімен, солтүстікте - Строительная, Қ.Медеубеков, Бекешев көшелерімен қамтамасыз етіледі. Учаскеде ескерту белгілері қойылады.
Айта кеткен жөн, ұзарту жұмыстары жүріп Абай даңғылының бөлігін жылдың соңына дейін ашу жоспарланған. Бүгінгі күні 600 метр учаскеде жұмыс жүргізіліп жатыр, ұзартудың жалпы ұзындығы - 5,3 км.
Еске салайық, Медеу ауданында Құрманғазы мен Достық көшелерінің қиылысында қозғалыс шектелді.
Сондай-ақ Алматының кейбір көшелері қазан айына дейін жабылатынын жазғанбыз.