Алматыда Абай даңғылының бір бөлігі тағы жабылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жылу желілерін жөндеуге байланысты Абай даңғылы бір түнге жабылады.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Абай даңғылының кейбір учаскесінде жылу желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізіледі.
– Осыған байланысты 11 шілде түнгі сағат 23:00-ден бастап 12 шілде таңғы сағат 08:00-ге дейін Абай даңғылы бойымен батыс бағытта, нақтырақ айтқанда, Назарбаев даңғылынан Абылай хан даңғылына дейінгі аралықта көлік қозғалысы жартылай шектеледі. Шығыс бағыттағы қозғалыста өзгеріс жоқ, - делінген хабарламада.
Бұған дейін Абай даңғылының бойындағы № 26 үйден бастап Саин көшесіне дейін батыс бағыттағы автокөлік қозғалысы шектелген болатын.
Осы жылы қала бойынша 39 км жылу трассасын жаңғырту көзделген. Бұл тозу деңгейін 54 пайызға төмендетеді.
Сондай-ақ жол жөндеу жұмыстарына байланысты 6 автобус маршруты уақытша өзгереді.