Алматыда «Атакент» аумағындағы жер телімі мемлекет қажетіне алынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бостандық ауданында орналасқан «Атакент» іскерлік орталығының аумағындағы жер телімі көрме залының құрылысы үшін алынады.

Қала әкімдігі жер телімін және өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару рәсімін бастау туралы қаулы шығарды.
— Мемлекет мұқтажы үшін көрме залын салу мақсатында «Atakent Asia Development» ЖШС-дан көлемі 1,4617 гектар болатын жер телімі мен өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімі басталсын, — делінген құжатта.
Жер телімі Бостандық ауданында Тимирязев көшесі, 42/23 мекенжайында орналасқан. Жер телімін алу жұмыстарын 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Мемлекет меншігіне өткеннен кейін жер телімі Алматы қаласының Мәдениет басқармасына беріледі.
Бұған дейін Алматыда «Атакент» аумағы жаңартылатынын жазғанбыз. Атап айтқанда, асфальт жабындысы мен тас төсеніштерді ауыстыру, автоматты суару жүйесін орнату, жарықтандыру мен көше жиһаздарын жаңарту жұмыстары жүргізіледі.
Еске салайық, бұрын Алматыда тұрғындардың жері мектеп салу үшін мемлекет меншігіне алынатынын жазған едік.