Алматы әуежайында шетел азаматы 3 келі есірткімен ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы халықаралық әуежайындағы желілік полиция бөлімі ірі көлемдегі есірткіні анықтады.

Павлодарда магнит арқылы есірткі жасырып жүрген 23 жастағы күдікті ұсталды
Фото: Polisia.kz

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, «Пхукет–Алматы» әуе рейсімен келген 42 жастағы Үндістан азаматынан тыйым салынған заттар табылды. Оның жүгін тексеру кезінде полиция қызметкерлері салмағы 2 кг 995 грамм болатын марихуананы тәркілеген.

- Аталған дерек бойынша көлік полицейлері сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізді. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты шетел азаматын кінәлі деп танып, оны 15 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті, - деп хабарлады департаменттен.

Жалпы 2025 жылдың 11 айында Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері есірткіге қатысты 347 за бұзушылықты анықтаған. Оның ішінде: 52 сату фактісі, 19 аса ірі көлемде сақтау, 2 трансұлттық қылмыстық топ құру, сондай-ақ 12 контрабанда фактісі. Заңсыз айналымнан жалпы 781 келіден астам есірткі заттары тәркіленді.

Еске салайық, бұған дейін Алматы әуежайына патрон әкелген студентке 800 мың теңгеге жуық айыппұл салынды.

Соңғы жаңалықтар