Алматыда аула сыпырушылардың жалақысы өседі
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бұл туралы Алматы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев айтты.

Алматыда қаланы санитарлық тазалаудың жаңа жүйесі енгізілмек. Енді әр ауданға бір мердігер бекітіледі. Ол көшелердің, тротуарлардың, арықтардың, аялдамалардың және жасыл аймақтардың тазалығына толық жауап береді.
Алмасхан Сматлаев коммуналдық қызметкерлер саны екі есеге артып, 3175 адамға жеткенін атап өтті. Айтуынша, олардың жалақысы 170 мың теңгеден 350 мың теңгеге дейін көтерілді. Тәулік бойы үш ауысымдық жұмыс кестесі енгізілді және 300-ден астам жаңа техника алынып жатыр.
— Бұрын бір көшеде бірнеше компания қатар жұмыс істеп, түсініспеушілік туындайтын. Енді «қасбеттен қасбетке дейін» қағидатының енгізілуі тәртіп пен үйлесімділікті жоғарылатады, — деді Алмасхан Сматлаев.
Тексерістердің нәтижесі бойынша әкімдік тек қажетті ресурстары бар бес мердігермен ғана жұмысын жалғастырады. Қалғандары ауыстырылады. Мұндай тәсіл қаланың санитарлық жағдайын едәуір жақсартып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік бермек.
Еске салайық, бұған дейін мәслихатта қала көріктендіру ережелеріне толықтырулар енгізілді. Енді жауын-шашын тым көп түскенде көшелерді күшейтілген режимде күтіп-ұстау тетігі бекітілді.