Алматыда автотұрақтағы тегін орынды рәсімдеуден қандай жағдайда бас тартылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда бұрын тегін болған үй жанындағы орындар ақылы коммуналдық автотұрақтарға айналып келеді. Есесіне қала тұрғындарына бір тегін орынды рәсімдеу мүмкіндігі берілген.

Алматыда автотұрақтағы тегін орынды рәсімдеуден қандай жағдайда бас тартылады
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласы мәслихатының 2026 жылғы 30 шілдедегі № 324 шешімімен жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңа қағидалары бекітілді.

Ол бойынша көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары үйінен 500 метр радиуста орналасқан коммуналдық автотұрақта бір автокөлікті тегін қоя алады. Яғни, автотұрақтың нақты бір орны жеке бекітілмейді, тек тұрғынға белгіленген аумақтағы тұрақ орындарын тегін пайдалану мүмкіндігін ұсынылады. Бір үй-жайға бір көлік құралы қарастырылады.

Сондай-ақ автотұрақты тегін пайдалану құқығын сол үйде тұратын жақын туысы да рәсімдей алады. Ол үшін пәтер иесінің жазбаша келісімі қажет. Үйді заңды түрде келісімшартпен жалға алған азаматтар да заң бойынша мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін автотұрақты рәсімдеуге өтініш бере алады. Бірақ тегін пайдалану құқығы үйді жалдау шарттың мерзімі біткенше ғана қолжетімді болады. Егер пәтер бірнеше адамға тиесілі болса, тұрақты тегін пайдалануға өтініш беру үшін қалған меншік иелерінің барлығынан жазбаша рұқсат қажет.

2,5 мыңға жуық өтініш

Биыл 17 тамыздан бастап «Алматы паркинг» КМК-ның интернет-ресурсы (almaty-parking.kz) және eOtinish платформасы арқылы оған өтінімдерді қабылдау басталды. Алматы қаласы жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының мәліметінше, бүгінге дейін қала тұрғындары тарапынан тегін орынды рәсімдеуге 2403 өтінім түскен. Олардың барлығы тиісті рұқсат алған.

Алайда ведомство бірнеше жағдайда тегін резиденттік автотұрақ орнын рәсімдеуге берілген өтініш қанағаттандырылмауы мүмкін екенін ескертті:

— ⁠өтініш берушінің көрсетілген мекенжайда меншік иесі немесе жалға алушы екендігін растайтын құжаттары болмаған жағдайда;
— бір үйден бірнеше автокөлікке рұқсат алуға өтініш берілгенде;
— өтініште көрсетілген автокөлік немесе тұрғын үй туралы мәліметтер расталмаса;
— таңдалған автотұрақ орны тұрғын үйден белгіленген 500 метр радиустан тыс орналасқан жағдайда;
— өтінім құжаттары толық ұсынылмаған немесе мәліметтер сәйкес келмесе тегін орынды рәсімдеуден бас тартылады.

— Резиденттік рұқсат беру тетігі қала тұрғындарының мүддесін қорғауға, тұрғылықты жеріне жақын орналасқан коммуналдық автотұрақтарды қолжетімді етуге бағытталған, — деп хабарлады басқармадан.

Еске салайық, қалада аталған рұқсатты рәсімдемесе де, кей азаматтар коммуналдық ақылы автотұрақтарды тегін пайдалана алады. Олардың қатарында:


— Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттер аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, еңбек ардагерлері;


— Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баланың заңды өкілдері;


— «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар, «Ана даңқы» I немесе II дәрежелі ордендерімен наградталған азаматтар;


— Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтар;


— Электромобиль иелері.

Бұған дейін мегаполисте 15 344 автокөлік иесі коммуналдық ақылы автотұрақтарда жеңілдіктерді пайдаланып жүргені белгілі болды.

Сондай-ақ Алматыда коммуналдық автотұрақтарға қатысты тағы бір маңызды өзгеріс — биыл 4 қазаннан бастап жаңа тарифтер қолданысқа енгізілді. Көлік қозғалысы салыстырмалы түрде төмен учаскелерде тариф бұрынғыдай сағатына 100 теңге болып қалды. Автотұрақтарға сұраныс орташа аумақтарда сағатына 150 теңге белгіленді. Ал тұрақ орындары тапшы әрі көлік қозғалысы жоғары, сұраныс ең көп аймақтарда тариф сағатына 200 теңге болды.