Алматыда баланы аяусыз тепкен ер адам қамауға алынды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында ер адамның баланы тепкен сәті бейнебақылау камерасына түсіп, әлеуметтік желіде тарады.

Алматыда баланы аяусыз тепкен ер адам қамауға алынды
Фото: Видеодан алынған скрин

Оқиға Алатау ауданында болған. Видеодан ер адамның балалар алаңында жүгіріп барып, бар күшімен баланы тепкенін көруге болады. Бала құлап қалған, ал ер адам оқиға орнынан кетіп қалған.

Алматы полиция департаментінің мәліметінше, Алатау аудандық полиция басқармасы бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғады.

Күдікті дереу ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

— Балаларға қатысты мұндай әрекеттерге жол берілмейді және олар заң аясында қатаң түрде тоқтатылады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу полиция департаменті басшылығының бақылауында, — делінген ведомство хабарламасында.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева да оқиғаға қатысты түсінік берді.

Оның айтуынша, бұл оқиға бойынша жағдай бақылауда және балаға тиісті көмектің бәрі көрсетіледі.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 6 жастағы баланы ұрған бұрынғы қоғамдық кеңес мүшесі жазаланғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар