Алматыда банкрот атанған азаматтардың саны 4 мыңнан асты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биыл банкрот атанған азаматтардың саны 100-ге жетпейді.

Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, бүгінге дейін мегаполисте 4202 азамат банкрот деп танылған. Онда соттан тыс банкрот деп танылғандар саны - 4054 азамат, ал сот шешімімен банкрот деп танылғандар - 148.
Оның ішінде 2023 жылы 1334 азаматқа, 2024 жылы 2805 азаматқа, 2025 жылы 63 азаматқа банкрот мәртебесі берілген. Осы уақытқа дейін банкрот деп танылған азаматтардың арасында ең көп қарыз 22 993 360 660 теңге болса, ең аз қарыз 250 000 теңге. Ал төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін бүгінге дейін 13 азамат қолданған.
- 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап 3023 борышкерге соттан тыс банкроттық рәсімін қабылдау өтінішіне бас тартылды. 2023 жылдан бері 12500 борышкерге соттан тыс банкроттық рәсімін қабылдау өтінішінен бас тартылды, - деп хабарлады Мемлекеттік кірістер департаментінен.
Соттан тыс банкроттық рәсімін қабылдау өтінішіне бас тартудың негізгі себептері:
1. Ортақ меншіктегі мүлікті қоса алғанда, жеке мүліктің болуы;
2. Арыз берілген күнге дейін 12 ай ішінде төлем өтеуінің болуы.
Осы уақытқа дейін банкроттық рәсімді мүлік жасыру не өзге себептерге байланысты тоқтату фактілері болмаған.
Еске салайық, 2023 жылдың 3 наурызында елімізде жеке тұлғалардың банкроттығын рәсімдеуге өтініш қабылдау басталды.
Кейін жеке тұлғаның банкроттығы туралы жаңа «Қолдау» ақпараттық жүйесі іске қосылды.
Биыл соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану жеңілдетілді.
Атап айтқанда, келесі құжаттарды тапсыру талап етілмейді:
1) нақты қарыз сомасын растайтын құжаттар;
2) әрбір несие берушінің атауы туралы мәліметтер;
3) қарызды реттеу әрекеттерін дәлелдейтін түрлі анықтамалар мен мәліметтер.
Бұған дейін банкроттық рәсімінің қандай салдары бар екенін жазғанбыз.