Алматыда бәсекелестік заңын бұзғандардан 4,6 млрд теңге айыппұл өндірілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда нарықтағы бәсекелестікке байланысты 14 рет талдау жасалған. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы бойынша департамент басшысы Нұржан Нұрланұлы айтты.

деньги, тенге, ақша
Фото: Александр Павский / Kazinform

Оның айтуынша, монополияға қарсы орган бәсекелестікті дамытуға жәрдемдесу, заң бұзушылықтың алдын алу мақсатында тауар нарықтарына талдау жүргізген.

— Біздің жұмысымыз заң бұзушылықты анықтау ғана емес, оның алдын алуға да бағытталған. Біз нарықты талдап, бәсекелестік деңгейін бағалаймыз. Мұндай тәсіл нарықтық ортаны реттеуге мүмкіндік береді, — деді ол.

2025 жылы департамент авиациялық отын бойынша көтерме және бөлшек саудасына, тұрғын үйдің бастапқы саудасына, сондай-ақ электр энергиясының көтерме саудасына талдау жүргізген. Оның қорытындысы бойынша 23 хабарлама мен 6 нұсқама енгізіліп, 16 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған. Жалпы өндірілген айыппұлдың жалпы сомасы 4,6 млрд теңгеден асты. Негізгі бұзушылықтар монополиялық жағдайды теріс пайдалану деректеріне қатысты, барлығы мұндай 9 жағдай тіркелді.

Нұржан Нұрланұлы тұтынушылардың өтінішімен «Алсеко» компаниясының коммуналдық қызметтер үшін түбіртек қалыптастыру қызметі қаралғанын атап өтті. Тергеу қорытындысы бірінші сатыдағы сотқа талап-арыз берілген. Бұл іс әлі қаралып жатыр.

— Біз үшін тұрғындар мен бизнестің мүддесін қорғау аса маңызды. Егер сот біздің ұстанымды түпкілікті қолдаса, бұл қаладағы барлық тұтынушының құқығын қорғауға мүмкіндік береді. Біз барынша ұқыпты әрі тек құқықтық алаңның шеңберінде әрекет етеміз, — деді департамент басшысы.

Еске салайық, Павлодарда бәсекелестік заңын бұзған кондитерлік компания қомақты айыппұл арқалады.

Соңғы жаңалықтар