Алматыда биыл 100 көпқабатты үй күрделі жөндеуден өтеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Биыл Алматыда 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдасы аясында көппәтерлі тұрғын үйлерде 100 лифті жаңартылады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің Kazinform сауалына берген жауабында айтылды.

Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасынан мәлім еткендей, бұдан бөлек 100 көппәтерлі үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарда.
— Былтыр мегаполисте 54 көппәтерлі тұрғын үйде 100 лифт ауыстырылды, сондай-ақ 118 үйде күрделі жөндеу жүргізілді, оның ішінде: 59 шатыр, 7 қасбет, 7 кіреберіс, 6 электр желісі, 37 инженерлік желі, бір автоматтандырылған жылу пункті және жалпы үйге ортақ жылуды есептейтін 25 құрал бар, — делінген басқарма жауабында.

Тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасына қалай қатысуға болады?
- Алдын ала сметаны және ақау актісін әзірлеуге басқару органынан өтініш.
- Жалпы жиналыс хаттамасы (меншік иелерінің 51%-дан астамының келісімімен).
- Бекітілген ақау актісі және алдын ала сметалық есеп.
- Пәтерге меншік құқығы туралы бастамашыл топтан анықтама.
- Пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың алаңдары.
- Басқару органының құрылтай құжаттары және қатысушы үйге қызмет көрсету құқығын растау (хаттама, шарт, сенімхат).
- Үйдің техникалық төлқұжатының көшірмесі.

Өтінім бергеннен кейін «Алматы тұрғын үй» ЖШС мамандары ғимараттың жай-күйіне баға беріп, модернизациялаудың оңтайлы нұсқаларын ұсынады.
Мәселен, аталған бағдарлама аясында Райымбек даңғылы бойында орналасқан тоғыз қабатты үйдің инженерлік желілері, шатыры күрделі жөндеуден өтіп, лифтілері ауыстырылды.
— Ендігіде лифтіміз жаңа тұрғын үйлердегідей: оның қайда және қалай көтерілгенін бақылап отыруға болады. Барлығы түсінікті, ыңғайлы, әдемі болды. Ең бастысы тұрғындар риза, — дейді Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Эльмира Нартбаева.

Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасының артықшылықтары:
— 7 жылдан 15 жылға дейін бөліп төлеу.
— Пайыз есептелмейді.
— Орындалған жұмыстарға кепілдік мерзімі — 24 ай.

Айта кетейік, Алматыда пайдалану мерзімі өтіп кеткен 45 лифт бар.
Еске салайық, 2025 жылдың 15 ақпанынан бастап Кеден одағының жаңартылған техникалық регламенті күшіне енеді, оған сәйкес 25 жыл қызмет еткен лифтілерді ауыстыру қажет.