Алматыда биыл есірткі қылмысына қатысы бар 28 шетелдік жауапқа тартылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласында жыл басынан бері 600 есірткі қылмысы анықталды.

Алматыда биыл есірткі қылмысына қатысы бар 28 шетелдік жауапқа тартылды
Фото: ІІМ

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, есірткіге қатысты 600 деректің 260-ы тыйым салынған затты сату фактілеріне жатады. Жалпы 440-тан астам адам, соның ішінде 28 шетелдік азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

– Біз есірткі қылмысының барлық түрін тіркеп отырамыз. Соның ішінде жасырын қоймалар мен электронды төлемдер арқылы жүзеге асатын байланыссыз тарату тәсілдері де бар. Осы кезеңде 91 есірткі таратушы ұсталды. Сонымен қатар синтетикалық есірткі дайындайтын екі зертхана жойылып, олардан қомақты сомаға бағаланатын жабдықтар тәркіленді, - деді Алматы қаласы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.

Одан бөлек қаржы ұйымдарымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде 1,5 мыңнан астам банк картасы және 1 мыңнан аса криптәмиян бұғатталған. Заңсыз айналыммен байланысы бар 68 миллион теңгеден асатын қаржы операциялары тоқтатылған.

– Полиция есірткіге қарсы профилактикаға да баса назар аударып отыр. Жыл басынан бері оқу орындарында 950-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізілді. Ақпараттық платформаларда, бұқаралық ақпарат құралдарында және қаладағы LED-экрандарда 1 400-ден астам нашақорлыққа қарсы материал орналастырылды, - деді Мұрат Жұмабаев.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда ұйымдаса есірткі таратқандар ұсталды.

Соңғы жаңалықтар