Алматыда биыл қанша адам коронавируспен ауырды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 2025 жылғы 2 желтоқсанға таман коронавируспен ауырғандар былтырғыдан 19% азайды.

коронавирус
Фото: pixabay.com

Алматы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықованың мәліметінше, жыл басынан бері қаладағы зертханаларда 314 коронавирус инфекциясы тіркелген. 

Аурушаңдық көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 13,6 болды, былтыр бұл көрсеткіш 16,8 деңгейінде болып, 374 науқас анықталған еді. Биыл тіркелгендері дәрігерге өз бетімен келіп қаралған кезде анықталған, олардың бәрі дер кезінде медициналық көмек алған.

Науқастардың басым бөлігі – шамамен 70%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Екінші тобы – 60 жастан асқан адамдар (18,8%).

– Ауруы анықталған науқастардың құрылымына қарағанда, олардың көпшілігі мектепке дейінгі жастағы балалар (63,4%). Одан кейінгі орында – зейнеткерлер (16,6%), жұмыссыздар (5,7%), түрлі ұйым мен ЖШС қызметкерлері (2,6%), сондай-ақ мектеп оқушылары (3,2%) тұр. Балалар көп қозғалады, көп жүреді, індеттің әр маусымда асқынатыны тағы бар. Сарапшылар мұны осындай жағдаймен байланыстырып отыр, - деді Әсел Қалықова.

Дәрігерлер коронавирустың алдын алу да тұмау мен ЖРВИ-ден қорғануға ұқсас екенін еске салды. 

Аурудың асқыну қаупін едәуір төмендететін негізгі қорғаныс тәсілі – вакцинация. Сондай-ақ тұрғындар адам көп жиналатын жерде маска тағып, науқастармен байланыстан аулақ болып, үй-жайды жиі желдетіп отыруы керек. Қолды жиі жуып, антисептик қолданып, тазалыққа мән беру де дерттің асқынуын аз да болса тежейді. 
Дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болып, тамақ ауырып немесе тыныс алу қиындай бастаса, маска тағып, дереу дәрігерге қаралған жөн.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда тұмау мен ЖРВИ бойынша маусымдық өсім сақталғанымен, жедел жәрдем шақыратындар азайғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар