Алматыда биыл қанша шақырым жаңа жол салынады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының бірнеше шағын ауданында биыл жаңадан жол салынатыны белгілі болды.

жол
Фото: Александр Павский/Kazinform

Алматы қаласы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, 2026 жылы «Ақжар», «Боралдай», «Рахат — Мәдениет» ықшам аудандарында жалпы ұзындығы 68,5 км жаңа жол салу жоспарланған.

Одан бөлек «Теректі» шағын ауданында ұзындығы 27,7 км болатын жаңа көшелердің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.

— Жол құрылыс жұмыстары инженерлік желілердің құрылысы аяқталғаннан кейін басталады, — деп хабарлады ведомство.

Еске салайық, Алматыда 2025 жылы шағын ауданда жалпы ұзындығы 35 км жаңа жол салынды. Сонымен қатар 347 көшеде 281 км, оның ішінде 15 магистралдық көше 40 км орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы биыл қала аумағында 30 км тротуарлар мен веложолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын атап өтті. Оның ішінде Абай даңғылын және Саин көшелерін ұзарту жұмыстары шеңберінде 3,8 км жаңа веложол салу қарастырылған.

Ал мегаполисте осы жылы жөнделетін көшелердің тізімі әлі нақты бекітілмеген.

— Қала көшелерінде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында аудандық әкімдіктердің өтінімдері жинақталып, қазір аталған тізімді келісу үшін қалалық коммуналдық қызметтерге жолданды. Тізім толық келісілгеннен кейін 2026 жылы орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін көшелер саны және шақырымы анықталатын болады, — деп түсіндірді басқармадан.

Бұған дейін Алматыда 2026 жылы қандай көшелер ұзартылатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар