Алматыда биыл көлікті мас күйінде басқарған 1,5 мың адам жазаланды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда патрульдік полиция қызметкерлері жыл басынан бері көлікті мас күйінде басқарған 1,5 мыңнан астам жүргізушіні жауапқа тартқан. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев айтты.

БҚО
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

– Жыл басынан бері қарама-қарсы жолаққа шығып кеткені үшін – 690, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі бар көлік құралын басқарғаны үшін – 254, мемлекеттік нөмірі жоқ көлікті басқарғаны үшін – 991, көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін – 1540, көлік құралын жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны үшін – 3971, апаттық жағдай туғызғаны үшін 6848 жүргізуші жауапқа тартылды, – деді ол.

Сондай-ақ Серік Шумаев қала полицейлері атынан алматылықтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

– Күн жылысымен көлікті қатты жүргізуге құмар жүргізушілер көбейеді. Содан жол ережесі бұзылады. Жастар қауіп тудырып, қала көшелерімен жарыс ұйымдастырады. Сонымен қатар олар көліктерін түрлендіріп, тыйым салынған жабдықты, оның ішінде қатты дыбыс шығаратын резонаторларды орнатады. Бұл қала тұрғындарының шағымына себеп болып жатыр. Осындай деректердің жолын кесу мақсатында алдыңғы шептегі полиция бөлімшелері апта сайын рейдтер жүргізеді. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табады. Бұл шаралар жолдардағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған, – деді полиция өкілі.

Еске салайық, Алматыда жарығы жоқ көшеде мопедші қоршауға соғылып, қайтыс болды. 

Соңғы жаңалықтар