Алматыда биыл стартаптар мен IT саласына 2,5 млрд инвестиция тартылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда стартаптар мен IT экожүйесін дамыту жобасы аясында жыл басынан бері 2,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 217 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл туралы қаланың цифрландыру басқармасы хабарлады.

Инвестициялық жобалардың бірі - Almaty Cyber Games (ACG). Орталық Азияда киберспорт пен ойын индустриясының басты хабын құруға бағытталған бұл жоба Алматыда жүзеге асырылып жатыр. Цифрландыру басқармасы Setanta отбасы арналарымен бірқатар келісім жасалып, халықаралық деңгейдегі ірі спорттық іс-шаралар көрсетілетін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын мәлімдеді.
- Almaty Cyber Games - Орталық Азиядағы телевизия арқылы көрсетілетін алғашқы көпсалалы киберспорт оқиғасы болды, ол Қазақстанда, Орталық Азияда және бірнеше жақын шетелдерде көрсетіліп келеді. Телевидение арқылы жобаның көрермендері 6 миллион адамға дейін кеңейді, - деп хабарлады басқармадан.
ACG жобасы аясында қала университеттеріне арналған ойын индустриясы мен киберспорт бойынша білім беру бағдарламалары әзірленген. Бұл бағдарламалар 70-тен астам маманды даярлап, жұмысқа орналастыруды көздейді.
Еске салайық, бұған дейін 20 өңірде IT-орталықтар іске қосылатынын жазғанбыз.