Алматыда бокс пен күрестен әлем чемпионатының жүлдегерлері марапатталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Салтанатты рәсімде Алматы әкімі Дархан Сатыбалды спортшыларды жоғары нәтижесімен құттықтап, алғыс хат пен қаржылай сертификаттар табыс етті.

— Сіздерді осы жарқын жеңістеріңізбен құттықтаймын. Бұл — біз үшін қос қуаныш, өйткені біздің алматылық спортшылар ұлттық құраманың қоржынына 4 медаль салды. Бұдан бөлек, күрестен әлем чемпионатында тағы бір медальға қол жетті. Мұның бәрі — сіздермен бірге мақтанатын жоғары нәтиже, — деді қала әкімі.

Сондай-ақ Загреб (Хорватия) қаласында өткен күрестен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болған Нұрқожа Қайпанов та алғыс хат және қаржылай сертификатпен марапатталды.
Спортшылардың бапкерлері де алғыс хат пен қаржылай ынталандыруға ие болды.

Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 1-орынды иеленді. Спортшылар барлығы 10 медаль жеңіп алды: 7 алтын, 1 күміс және 2 қола. Ұлттық құрама сапында бақ сынаған 4 алматылық спортшы жүлделі оралды.

Олар:
1. Алуа Балқыбекова — алтын медаль.
2. Назым Қызайбай — күміс медаль.
3. Виктория Графеева — қола медаль.
4. Елдана Тәліпова — қола медаль.
Еске салайық, бұған дейін Президент бокстан Әлем чемпионатында топ жарған боксшыларды құттықтады.