Алматыда бір түнде 27 сантиметр қар жауды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қар 10 наурыз күні кешке жауа бастады. Қар жауа бастаған сәттен бастап қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуге көшті.

Алматыда бір түнде 27 сантиметр қар жауды
Фото: Кәмшат Әбдірайым / Kazinform

«Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес, жауын-шашын алдымен жаңбыр түрінде басталып, кейін қарға ұласып, 11 наурыз күні таңға дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында қалаға шамамен 27 сантиметр қар түсті. 

Алматы
Фото: Кәмшат Әбдірайым/Kazinform

Алматы коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көшелерге 75 жедел бригада, 2 710 жол саласы жұмысшысы және 1 225 арнайы техника жұмылдырылды. 200-ден астам сыпыру техникасы жолға көктайғаққа қарсы материалдарды сеуіп жүр. Себу жұмыстары аяқталғаннан кейін техника 28 колоннаға біріктіріліп, магистральдық көшелерді тазалауға кіріседі.

– Түннен бастап қаланың негізгі магистральдарында қарды жинау жұмыстары қолға алынды. Жұмыс жол полициясының патрульдік көліктерінің көмегімен техника колонналары арқылы істеліп жатыр. Сонымен қатар шағын көлемді техника мен жұмысшылар тротуарларды, қоғамдық көлік аялдамаларын, жерүсті өткелдерін, баспалдақтар мен пандустарды тазалайды, - делінген хабарламада.

қар
Фото: Кәмшат Әбдірайым/Kazinform

Синоптиктердің болжамынша, 11 наурыз күні күндіз жауын-шашын болмайды, ауа температурасы –6…–8 градус шамасында болады, кейін тағы төмендейді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 2 700 жұмысшы мен 1 200 техника қар тазалап жатқанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум