Алматыда бұрынғы әйеліне сталкинг жасаған ер адам жазаланды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда азаматтарды қасақана қудалау мен психологиялық қысымнан қорғауға бағытталған Қылмыстық кодекстің 115-1 бабы бойынша алғашқы сот үкімдерінің бірі шықты.

полиция
Фото: Абай облысының полиция департаменті

Алматы полициясының мәліметінше, ер адам өзара қарым-қатынас үзілсе де, бұрынғы жұбайын аңдуды тоқтатпаған. Ол жәбірленушінің жүріп-тұруын бақылап, жеке өміріне заңсыз араласқан, қорқыту үшін хабарламалар жолдаған, сондай-ақ жұмыс орнында және қоғамдық орындарда жанжал шығарған.

- Ол бұрын полиция нұсқамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, заңсыз әрекеттерін тоқтатпаған. Соның салдарынан жәбірленуші үнемі үрейде өмір сүріп, бірнеше рет тұрғылықты мекенжайын және жұмыс орнын ауыстыруға мәжбүр болған, сондай-ақ мемлекеттік қорғау органдарына қайта-қайта жүгінген. Істі қарау қорытындысы бойынша сот ер адамды кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады. Сонымен қатар жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына міндетті төлем өндірілді, - деп хабарлады полициядан.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте сталкинг дерегі бойынша айыпталған азаматқа сот үкімі шықты.

 

Соңғы жаңалықтар