Алматыда «Dombyra Party Көктөбеде» мерекелік шарасы өтіп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Көк Төбе саябағының алаңында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің Ұлттық домбыра күніне арналған «Dombyra Party Көктөбеде» мерекелік шарасы өтуде. 

Көктөбе
Фото: Досбол Атажан

Мерекелік іс-шара аясында қала тұрғындары мен қонақтары халқымыздың бай музыкалық өнерімен жақын танысуға, домбыра аспабынан төгілетін ұлттық әуеннің шеберлікпен орындалуын тамашалауға бірегей мүмкіндік алды. Айта кетейік, Ұлттық домбыра күні жыл сайын елімізде шілде айының алғашқы жексенбісінде атап өтіледі.

Көктөбе
Фото: Досбол Атажан

– Іс-шара Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің 90 жылдық мерейтойына және Ұлттық домбыра күніне арналады. Мақсатымыз - халыққа домбыраны насихаттау. Домбыра күні ресми түрде 2018 жылдан бері 6-жыл тойланып отыр. Бүгін мерекелік шараны Алматының символы саналатын Көктөбенің төрінде ұйымдастырдық. Ұлттық оркестр орындауындағы әртүрлі керемет күйлер, жақсы әндер халықтың назарына ұсынылды, - деді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары Алтынбек Қоянбекұлы.

Алматы
Фото: Досбол Атажан

Концерт барысында құдіретті күй өнерінен күй шашу және қазіргі заман композиторларының шығармалары, сондай-ақ ұлттық әуендер орындалуда. Сондай-ақ мәдени шарада еліміздегі домбыра жасау шебері Жолаушы Тұрдығұловтың домбырасы көрермен арасында ойнатылады. 

– Мен домбыраны 9 жасымнан бері ойнап келемін. Кәсіби түрде үйрену үшін музыкалық колледж және консерваторияны, сондай-ақ магистратураны бітірдім. Қазір домбырада жүргеніме 16-17 жылдай болып қалды. Әкем консерватория профессоры, атам күйші болған, сондықтан осы жолмен менде келе жатырмын. Домбыраның ерекшелігіне келсек, аспап екі шекті болғанымен, гитараға қарағанда үйрену оңай және дыбысы ерекше деп айта аламын, - деді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің әртісі Бақыт Бексұлтан. 

Көктөбе
Фото: Досбол Атажан

Тәжірибелі домбырашы Қазақстанның әр өңірінде өзіне тән домбыра мектебі бар екенін атап өтті.

– Батыс күйшілік мектебі көбіне Құрманғазы, Дәулеткерейдің, ал Арал, Ақтөбе жақта Қазанғаптың күйшілік мектебі қалыптасқан. Олардың орындауы – төкпе күйлер. Ал Қарағанды, Жезқазғанның аймағы шертпе күйге жақын. Өйткені бұл Тәттімбет Қазанғапұлының туып-өскен жері. Қарағанды колледжіне Тәттімбеттің аты берілуі бекер емес. Шертпе күйлер Орталық Қазақстанға, төкпе күйлер Батыс Қазақстанға жатады, - деді Бақыт Бексұлтан. 

Соңғы жаңалықтар