Алматыда екі жасөспірімнің өлімі: өзін-өзі өлтіруге итермелеу дерегі тексеріліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Алматыда екі жасөспірім қыздың көпқабатты үйден құлауы оқиғасында өзін-өзі өлтіруге итермелеу ісі тергеліп жатыр.
Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты.
«Бұл іс суицид дерегі бойынша тергеліп жатыр. Атап айтқанда, өзін-өзі өлтіруге итермелеу бойынша қылмыстық іс қозғалған», - деді Игорь Лепеха Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұдан бұрын хабарланғандай, осы аптаның басында Алматыда екі жасөспірім қыз көпқабатты үйден құлап, оқиға орнында қайтыс болды.
Қалалық Полиция департаментінде бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Алматыда екі жасөспірім қыздың өмірін қиған жантүршігерлік оқиғадан кейін әкімдік көпқабатты үйлердің шатыры мен шардағына кіруге шектеу қою жөнінде шешім қабылдады.