Алматыда экологияға зиян келтіретін көліктерді қалай анықтайды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда экология және қоршаған орта басқармасы, қалалық полиция департаменті, мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мен «Eco Almaty» ЖШС, «Ренессанс+» ЖШС өкілдері бірлесіп көліктен шығатын улы газ бен түтіннің деңгейін өлшеу бойынша рейд өткізіп жатыр. Рейдке жылжымалы экологиялық зертхана мен үш жылжымалы экологиялық бекет тартылған. Аталмыш шараға Kazinform тілшісі де қатысып, жұмыспен танысып қайтты.

Аталмыш рейд сәуір айының басынан 20 сәуірге дейінгі аралықты қамтыды.
Шараның мақсаты — Алматы экологиясын сәл де болса жақсарту.

Алматы қалалық экология және қоршаған орта басқармасының экожүйені мониторингілеу бөлімінің басшысы Рахым Асқаровтың атуынша, Алматыда бүгінгі күні жиыны 19 экобекет жұмыс істеп тұр.

«Олардан көптеген автокөліктер күнделікті тексерістен өтіп жатады. Дегенмен ол экобекеттен экологияға зиян келтіретін автокөліктер де өтіп кетуі мүмкін. Бұл ретте бүгінгі рейдке шыққан жылжымалы экологиялық бекеттердің рөлі зор. Себебі олардың күшімен әлгіндей байқалмай өтіп кеткен автокөліктерді анықтап жатырмыз. Сондай-ақ, қалада көптеген ескі автокөлікпен жүретіндер, тіпті катализаторсыз жүретін жүргізушілер де кездеседі. Біз сол себепті құқық қорғау органдарымен бірлесіп, экологияға зиян келтіретін сондай көліктер мен жүргізушілерді анықтап, олармен күресіп жатырмыз», — дейді Рахым Асқаров.

«Ренессанс+» ЖШС аға экологі Абдулхамит Аманқұлдың айтуынша, жылжымалы экобекетте бензин, газ және дизельмен жүретін автокөліктер тексеріледі.

«Қазір қалада құрамында полиция экипажы бар үш жылжымалы экобекет аралап жүр. Экобекетте арнайы құралдармен автокөліктерді тексереміз. Жеңіл, жүк автокөлігі, бәрін тексереміз. Бұл құрылғылар Ресейде жасалған. Бензинмен жүретін автокөліктер АВТОТЕСТ-02.03 көпкомпонентті газ анализаторымен тексеріледі. Дизельмен жүретін көліктерді МЕТА-01 МП 0.1(ЛТК, К) өлшегімен тексереміз. Бұл ретте ластаушы заттардың нормативін бұзған автокөлік иелеріне ӘҚБтК 334-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылады. Ол бойынша жеке тұлғаға — 10 АЕК, заңды тұлғаға — 100 АЕК мөлшерінде ескерту немесе айыппұл көзделген. Жыл ішінде қайталанған жағдайда автокөлік иелеріне жеке тұлғаға — 20 АЕК, заңды тұлғаға — 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Жалпы бір күнде 50-ге жуық автокөлік тексерілсе, оның 15-20-сы ауаға зиянын тиігізетін автокөлік болып шығады. Қаланың қай жерінде жүреміз деп алдын ала айта алмаймыз. Себебі біздің маршрут алдын ала белгіленбейді. Бірақ Алматы қаласы аумағында тексеріс жүргіземіз», — дейді Абдулхамит Аманқұл.

Оның айтуынша, көліктен шығатын улы газ бен түтіннің деңгейі көлікті шығарушы ел мен көліктің шыққан жылына байланысты.

«Бұл ретте 0 мен 5,6 арасында экологиялық класс бар. 0 мен 2-ші класс арасында жеңіл автокөліктердің нормасы — 0,50. 3-ші класстан жоғарғы көліктерде бензин — 0,30, карбюраторы бар автокөліктердің нормасы — 3,5 аспауы тиіс. Жалпы, 4-ші классқа дейінгілер турбинасы бар және жоқ болып бөлінеді. Турбинасы барлар — 3-ке дейін, турбинасы жоқтар — 2,5-ға дейін, 4-ші класстан жоғарылардың нормасы 1,5-нан аспауы керек», — дейді ол.

Айта кетейік, біздің жіберген сауалға Алматы қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі рейд басталғалы бері 300-ден астам автокөлік тексерілгенін хабарлады.

«ӘҚБтК 334-бабы бойынша 121 әкімшілік хаттама толтырылды», — деп жауап берді полиция.

Еске салсақ бұған дейін Алматыда көліктерден шығатын улы газ бен түтінінің деңгейін өлшеу бойынша рейд басталғанын хабарлағанбыз.
2021 жылдан бері Алматыда 19 экобекет жұмыс істеп тұр.

