Алматыда экологиялық шектеулері бар аймақ белгіленді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қалалық мәслихаттың кезектен тыс XL сессиясы өтті. Сессия барысында Алматы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын бекіту жобасы таныстырды.

Алматы
Фото: Алматы әкімдігі

— Алматы қаласындағы атмосфералық ауаның сапасы ең өзекті экологиялық мәселелердің бірі болып қала береді. Аталған құжат — Алматы қаласының ерекшеліктерін ескере отырып, ауа сапасына әсер ететін негізгі ластау көздерін жүйелі түрде реттеуге арналған құрал. Алғаш рет көлік, III санаттағы объектілер, төмен шығарындылар аймағы (LEZ) және экологиялық мониторинг талаптарын бір құқықтық механизмге біріктіреді, — деді ол.

Қағидалар 4 негізгі бағытты қамтиды:

1. Көлікті пайдалану ережелерін реттеу;

2. III санаттағы объектілерге қойылатын экологиялық талаптар;

3. Төмен шығарындылар аймағын (LEZ) ұйымдастыру;

4. Мониторинг, цифрландыру және қолайсыз метеожағдайлар (ҚМЖ) кезінде әрекет ету;

Алматыда экологиялық шектеулері бар аймақ белгіленді
Фото: Алматы әкімдігі

Алмасхан Сматлаев мегаполисте шығарындыларды азайту үшін төмен шығарынды аймақ (LEZ) кезең-кезеңімен енгізе отырып, аумақты біртіндеп кеңейту жоспарланғанын атап өтті.

Төмен шығарынды аймағы ретінде бірінші кезеңде Бөгенбай батыр, Достық, Абай, Желтоқсан көшелерінің аймағы белгіленді.

Екінші кезеңде: Әл-Фараби, Саин, Рысқұлов, Шығыс автомобиль айналма жолы аймағы, ал үшінші кезеңде қала шекарасында болады.

Төмен шығарынды аймақта енгізілетін талаптар:

− газбен қамтылған аудандарда қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым;

− қалдықтарды жағуға және пиротехниканы қолдануға тыйым;

− генераторлар мен арнайы техникада тазалау жүйелерін міндетті түрде қолдану;

— Төмен шығарынды аймақта тек экологиялық талаптарға сай және шығарындыларды тексеруден өткен көліктер ғана қозғала алады. Мақсат — жаңа тыйымдар енгізу емес, ең ластаушы көліктерді жолдан алып тастау. Шығарындылар нақты өлшенеді, деректер автоматты түрде тіркеледі және қолмен өзгертілмейді, — деді ол.

Алмасхан Сматлаев
Фото: Алматы әкімдігі

Депутаттар сұрағына жауап берген Алматы әкімінің орынбасары шектеу енгізілген аймақта ескі көліктердің кіруі әзірге ақылы болмайтынын айтты.

— LEZ пилоттық режимде жұмыс істейді. 2026 жылы шектеу үшін ақы алынбайды. Пилоттық жоба нәтижесі бойынша оны алдағы уақытта дамыта береміз. Нью-Йорк, Лондон, Шанхай, Бейжіңде — мұндай шектеулер бар. Бірақ ақылы болу үшін балама жол ұсынуымыз керек. Адамдар қоғамдық көлікке отыра алатындай жаңа метро желілері жүргізіледі, автобус маршруттары болады. Бізде 800 мың көлік тіркелген, облыстан 400 мың кіреді. Әлемдік тәжірибе бойынша адамдардың 70 пайызы қоғамдық көлікте, 30 пайызы жеке көлікпен жүреді. Алматыда 60 пайыз жеке көлікті, 40 пайыз қоғамдық көлікті қолданады, — деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда ескі көліктердің орталыққа кіруіне шектеу қойылатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар