Алматыда интернеттен нұсқау алып, есірткі таратқан жас жігіт ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда патрульдік полиция қызметкерлері есірткі құралдарын жасырын таратып жүрген күдіктіні қолға түсірді.

Алматыда интернеттен нұсқау алып есірткі таратқан жас жігіт ұсталды
Фото: Алматы полициясы

Оқиға Алмалы ауданында Қарасай батыр мен Жароков көшелерінің қиылысына жақын маңдағы тұрғын үй ауласында болған. Патрульдік экипаж жас жігіттің күмәнді әрекетіне назар аударып, оны тексеру барысында ұнтақ тәрізді зат салынған бірнеше ораманы анықтаған.

Сот-химиялық сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген зат синтетикалық есірткі екені белгілі болды. Аталған факті бойынша Алмалы аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады.

20 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәліметке қарағанда, ол есірткіні «жасырын қойып кетуші» ретінде интернет арқылы тапсырмалар алып, жасырын орындардың координаттары мен ақшалай сыйақыны онлайн форматта алып отырған.

Қазіргі уақытта жедел бөлімшелер заңсыз әрекетті ұйымдастырған тұлғаларды анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Полиция олар ұсталып, заңға сәйкес жазалатынын хабарлады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда есірткіні жасырын таратқан 29 жастағы күдікті ұсталғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар