Алматыда қар мен көктайғаққа қарсы дайындық басталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда суару-жуу маусымы аяқталып, қар мен көктайғаққа қарсы дайындық басталды.
Алматының коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, бұл шешім түнгі уақыттағы тұрақты суық пен минус температураға байланысты қабылданған.
– Қыс түскен соң коммуналдық техника маусымдық режимге бейімделіп, қайта жарақтандырылады. Арнайы көліктерге құм-тұз қоспасын себетін қондырғылар, қар тазалайтын соқалы-щеткалы жабдық және жол мен тротуарды қар мен көктайғақтан тазартуға қажетті өзге де құрал-жабдықтар орнатылады, - делінген хабарламада.
Қар тазалау жұмыстарына 17 мердігер ұйым, мыңға жуық арнайы техника және 2 710 жұмысшы жұмылдырылмақ.
Дайындық барысында мердігерлер техникаға техникалық тексеріс пен жөндеу жүргізді, 25 өндірістік база мен 23 құм қоймасын әзірледі, қызметкерлерге арналған ғимараттарды жаңғыртып, қажетті материалдар мен құрал-жабдықтарды сатып алды. Қар үйінділерін уақытша жинауға орындар да белгіленді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда желтоқсан айының басында күн күрт құбылатынын жазғанбыз.
Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері іле-шала жаңбыр жауып, арты қарға ұласып, ұйытқып жел соғады.