Алматыда қасақана жол ережесін бұзған бір топ жүргізуші ұсталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласында түнгі уақытта бір топ жүргізуші жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған. Олар түсірген бейнежазба әлеуметтік желіде тарады.

Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, жүргізушілер әрекетінен анықталған құқықбұзушылықтар қатарында — бұрылыс белгісін жақпай жолақ ауыстыру, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу, өзге жүргізушілерге құрметсіздік танытып, қарапайым әдеп нормаларын елемеу және қауіпсіздік шараларын қасақана бұзу бар.
— Барлық қатысы бар жүргізушілер мен жолаушылар анықталып, полиция бөлімшелеріне жеткізілді. Автокөліктер айыппұл тұрағыеа қойылды. Бұзушыларға қатысты құқықтық іс-шаралар жүргізіліп, әрқайсысына іс жағдайына сәйкес нақты әкімшілік құқықбұзушылықтар тағылды, — деп хабарлады департаменттен.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда көшенің қақ ортасында көлігін кері жүргізген жүргізуші жазаланды.