Алматыда қайтадан өтіп жатқан сотта басқарманың экс-басшысы соңғы сөзін айтты

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахмеджанов және жер қатынастары басқармасының экс-басшысы Ардақ Самамбетов, сондай-ақ өзге де тұлғаларға қатысты сот аяқталуға жақын.

а
Фото: Kazinform/Еламан Тұрысбеков

Сот айыпталушылар орындығында отырған алты адамның бесеуінің соңғы сөзін тыңдады. Ал Алмасхан Ахмеджановтың соңғы сөзі келесі аптаға шегерілді. Ол денсаулық жағдайына байланысты соттан осындай өтініш сұраған болатын.

Сотталушылардың соңғы сөзі

Жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Ардақ Самамбетов өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және бұл қылмыстық істі қолдан жасалған деп санайтынын мәлімдеді.

— Өзімді толықтай қолдан құрастырылған, өтірік әрі бұрмаланған мән-жайларға негізделген іс бойынша айыпталып отырмын деп есептеймін. Бұл фактілер сот тергеуі барысында толық әрі нақты дәлелденді, — деді ол.

Оның айтуынша, сот процессі кезінде жалған арыздар мен мамандардың бұрмаланған қорытындыларына қатысты мән-жайлар зерттелді. Сонымен қатар сотталушы айыптау тарапы ұсынған дәлелдер қылмыстық іс қозғалғанға дейін жиналғанын алға тартты.

— Сізден ең алдымен бұл істі қолдан жасалған және бұрмаланған деп тануыңызды сұраймын. Екіншіден, мені толықтай ақтап, тағылған азаматтық талап-арыздарды қанағаттандырудан бас тартуыңызды өтінемін, — деді экс-шенеунік.

Жерге орналастыру, жерді алып қою және резервтеу бөлімінің бұрынғы басшысы Ерлан Жармұханбетов те соңғы сөзін айтты. Ол да кінәсін мойындамай, өзі жасамаған қылмыстары үшін төрт жылға жуық уақыт қамауда отырғанын жеткізді.

— Барлық куәгерлер менің ешқандай қылмыстық құқық бұзушылық жасамағанымды айтты. Менің кінәмді дәлелдейтін ешқандай айғақ болған жоқ. Мен тергеу изоляторында тектен-тек төртінші жыл отырмын. Құрметті сот, мені барлық баптар бойынша ақтауыңызды, азаматтық талап-арыздардан толықтай бас тартуыңызды және тұтқындау түріндегі бұлтартпау шарасын жоюыңызды сұраймын. Балаларым тірідей жетім қалды. Әділ шешім шығаратыныңызға үміттенемін, — деді сотталушы.

Кәсіпкер Берік Өскембаев керісінше кінәсін толық мойындады. Соңғы сөзінде ол келтірілген шығынды өтегенін айтып, соттан өзін бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.

Тағы бір сотталушы, кәсіпкер Мұханбетәлі Шалқарбеков шешімді соттың қарауына қалдырды.

Бағалау компаниясының директоры Алмазхан Бақиров өзіне бағалаушы өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып бойынша кінәсін мойындап, өкініш білдірді.

— Өте қатты өкінемін. Сондай-ақ соттан менің көпбалалы әке екенімді, кәмелетке толмаған балам бар екенін және үшінші топтағы мүгедек екенімді ескеруді сұраймын. Бас бостандығымнан айырмайтын үкім шығаруыңызды өтінемін, — деді ол.

Іс туралы не белгілі

Алмасхан Ахмеджанов 2023 жылдың жазында ұсталған болатын. Ол Алматыда жер телімдерін беру және құрылыс нысандарын келісу кезінде өкілеттігін асыра пайдаланды деп күдікке ілінді.

2025 жылдың ақпанында бұл іс бойынша барлық алты адамға қатысты сот үкімі шыққан болатын. Алмасхан Ахмеджанов 11 жылға, Ардақ Самамбетов 10 жылға, Ерлан Жармұханбетов 14 жылға, Алмазхан Бақиров 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал кәсіпкерлер Мұханбетәлі Шалқарбеков пен Берік Өскембаевқа бес жылдан шартты жаза тағайындалды.

Алайда 2026 жылдың ақпанында Алматы қалалық соты бұл үкімнің күшін жойды. Кейіннен қылмыстық-процестік заңнаманың бұзылуын жою үшін қылмыстық іс прокурорға қайтарылып, содан кейін қайта сотқа берілді.

Іс Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2026 жылдың сәуір айында қайта қарала бастады.