Алматыда ҚазҰАУ аумағындағы тұрғын үй құрылысына қатысты дау шешілмей отыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің аумағында тұрғын үй кешені салынбақ. Бұл студенттер мен оқытушылар арасында алаңдаушылық тудырып отыр.

Жоғары оқу орнының оқытушылары Мәжіліс депутаты Ерлан Саировқа ресми хат жолдап, мәселені шешуге көмек сұраған. Олар университет балансынан заңсыз шығарылған бірқатар нысанды қайтарып беруді талап етіп отыр. Бұл — зертханалық корпустар, жатақханалар, оқу ғимараттары, сондай-ақ студенттер қалашығының дәл ортасында орналасқан 96 сотық жер телімі.
Университет өкілдерінің айтуынша, бұл аумақта құрылыс компаниясы бірнеше көпқабатты тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.
Құрылыс жұмыстары бір кездері басталғанымен, кейін тоқтатылған. Қазір сол жерде студенттер мен университет қызметкерлерінің өміріне қауіп төндіретін үлкен шұңқыр бар.

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін аталған мекенжайға Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров, қала әкімдігінің өкілдері, университет басшылығы, БАҚ және тиісті сала мамандары келді.
— Біз бұл мәселені екі жылдан бері көтеріп келеміз, бірақ прокуратура да, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі де, жер ресурстарын басқару комитеті де нақты шара қабылдамай отыр. Бұл — Президенттің заңдылық пен тәртіпті қалпына келтіру саясатына ашық саботаж деп есептеймін. Бұған дейін бұрынғы қала әкіміне бірнеше рет айттым, бірақ еш нәтиже болмады. Енді жаңа әкім Дархан Сатыбалды мырзаның келуімен мәселе шешіледі деп үміттенеміз. Әйтпесе, Президентке тікелей жүгінуден басқа амал қалмайды, — деді депутат.
Оның айтуынша, студенттер қалашығы аумағында тұрғын үй кешенін салу Алматы қаласының қолданыстағы бас жоспарына қайшы келеді. Себебі бұл жер оқу орындарының функционалдық аймағына жатады.
— Қазір мұнда топырақ көшіп жатыр, бұл студенттердің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіріп отыр. Мұнда техногендік апат болуы мүмкін, — деп қосты ол.
Өз кезегінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов құрылыс жұмыстарының заңсыз екені жөнінде ресми шешімнің әзірге жоқ екенін мәлімдеді. Бірақ әкімдік өз құзыреті аясында заң шеңберінде әрекет ететінін жеткізді.

Оның сөзінше, құрылыс уақытша тоқтатылды. Шұңқыр жабылып, қоршау алынып тасталады. Бұл жұмыстарды құрылыс салушы орындайды — сот шешімінен кейін жұмыстың жалғасатын-жалғаспайтыны белгілі болады.
Құрылысқа рұқсат беру заңдылығы мәселесі ашық күйінде қалып отыр.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Серік Нәбиев құрылыс жұмыстары қоғамдағы әлеуметтік шиеленіске байланысты тоқтатылғанын атап өтті. Жақын арада уәкілетті органдар мен құрылыс салушыға қатысты құқықтық баға беріледі.
Алматыда қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы басшысы Нұрлан Боранбаев бұл жер учаскесі ескі жоспарлау жобасы бойынша тұрғын үй құрылысына заңсыз ауыстырылғанын түсіндірді.
Алматы қаласының 2023 жылы бекітілген жаңа бас жоспары мен жаңа егжей-тегжейлі жоспарлауына сәйкес бұл аумақ — оқу аймағы. Мұнда тұрғын үйлер емес, жатақхана, әкімшілік ғимараттар салуға болады.
— Біз құрылысты тоқтатып, алдын ала берілген рұқсат құжаттарын кері қайтара аламыз. Жобаланған нысанның функционалдық мақсатын жер телімінің функционалдық мақсатына сәйкес өзгертуге болады, — деді Нұрлан Боранбаев.
Студенттер де Alma Mater-ді қорғауға тырысты. Үшінші курс студенті Нұрислам Әділбектің айтуынша, бұл мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілген, бірақ нақты нәтиже жоқ.
Оның айтуынша, жыл сайын студенттер саны артып келеді, ал университеттің инфрақұрылымы жаңартуды және кеңейтуді қажет етеді. Бұл аумаққа тұрғын үй емес, жаңа аудиториялар, зертханалар мен жатақханалар қажет.
ҚазҰАЗУ ректорының орынбасары Қуат Сұлтанғазиевтің айтуынша, 2000-жылдардың басынан бері университет ондаған нысаннан айырылған: Сейфуллин мен Абай даңғылдарындағы ғимараттар, Наурызбай батыр көшесіндегі стадион, шеберханалар, зертханалар, енді студенттер қалашығы да қауіп төніп тұр.
Оның сөзінше, студенттер қалашығының дәл ортасында орналасқан 96 сотық жерде бес көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отырғаны — үлкен мәселе.
— Қазір біз осы жерді өзімізге қайтаруға тырысып жатырмыз. Мұнда қазылған шұңқыр бар, енді бес көппәтерлі үй салмақшы. Елестетіп көріңізші, университеттің ортасында тұрғын үй кешені. Кейін ол жақтағы тұрғындар қайда шығады, иттерін қайда серуендетеді? Біз оларға университет аумағында жүруге рұқсат бермейміз. Студенттер жүрген жерде отбасылы адамдар қалай тынығады? Сұрақ көп. Мұнда бұрын шеберханалар, гараждар, ірі ғылыми-зерттеу зертханалары болған, бәрін сүріп тастады, — дейді ол.
Әкімдік өкілдері құрылыс жұмыстарының заңдылығына қатысты тексеруді осы апта соңына дейін аяқтауға уәде берді.
Еске салайық, 2023 жылы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары оқу орнының есебінен шығарылған активтерді қайтару мәселесін көтерген еді.
Сондай-ақ Алматы қаласының прокуратурасы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін тексеру қорытындысы бойынша жалған тұқым себу және егіс алқаптарын өңдеу арқылы бюджет қаражатын ұрлау фактілерін анықтаған болатын.Келген шығын — 43,8 млн теңге.