Алматыда қоғамдық көліктің шеткі аялдамаларында демалыс бөлмесі салынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда автобус жүргізушілеріне арналған демалыс бөлмесі бар 20 соңғы аялдама салынады.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, мегаполисте қоғамдық көлік жүргізушілеріне қолайлы еңбек жағдайын жасау үшін 20 тоқтау-бұрылу алаңын салу жоспарланып отыр. Мұндай алаңдар автобустардың жол жиегінде мәжбүрлі түрде тоқтап тұруының алдын алады.

Одан бөлек жүргізушілердің толыққанды демалуына қажетті жағдай жасайды.
– Қазір «Көктөбе» шағын ауданында екі маршрутқа қызмет көрсететін, жалпы саны 47 автобус шығатын соңғы нүкте ретінде пайдаланылатын тоқтау-бұрылу алаңының құрылысы толық аяқталды. Алаң аумағына асфальтбетон жабыны төселіп, аумақ бойына сыртқы жарықтандыру орнатылған. Сонымен қатар жалпы аумағы 49 шаршы метр болатын тамақтану аймағы мен санитарлық-гигиеналық бөлмесі бар жүргізушілерге арналған модульдік демалыс ғимараты бой көтереді, - деп хабарлады әкімдіктен.

Сондай-ақ қаланың басқа аудандарында биыл пайдалануға берілетін тағы үш тоқтау-бұрылу алаңының құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал қалған 16 алаң бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Еске салайық, бүгін Алматыда жаңа автобус бағыты іске қосылды.