Алматыда көп жылдық ағаштарды көшіруге арналған техника алынады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесуі кезінде Алматы әкімі көп жылдық ағаштар арнайы техника арқылы көшірілетінін айтты.

Досаев Е
Фото: Алматы әкімдігі

Қала тұрғыны Алмалы ауданында салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешенінің жанындағы Қызыл кітапқа енген көп жылдық ағаштарға қауіп төніп тұрғанына шағымданды. Оның айтуынша, құрылыс компаниясы 80 жылдай жайқалып тұрған жапырақты емендерді шабуып тастауы мүмкін.

Шаһар басшысы бұл ағаштар шабылмайтынын айтып жауап берді.

- Мен жасырмаймын, бұл мәселемен “Корпорация ВЕК” компаниясы айналысып жатыр. Біз былай келістік: көктем кезінде жаңа техника келуі керек, оны сатып алып қойдық. Олар көп жылдық ағаштардың орнын ауыстыруға көмектесетін болады. Ол жерде мәселе - паркинг жоқ. Мен Экология басқармасына осы жұмысты біріге атқаруға тапсырма бердім. Еуропада секілді ағаштардың орнын ауыстырамыз, олар өліп қалмайды. Наурыз айында техника келсе, сәуір-мамыр айларында бұл жұмысты істейміз. Ал компанияға біз түбегейлі шешім қабылдағанға дейін ештеңе істемеуге тапсырма берілді, - деді Ерболат Досаев.

Еске салайық, бұған дейін Әлия мен Мәншүк атындағы саябақта Қызыл кітапқа енген емен ағашы кесілгенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар