Алматыда көше ұзарту мен LRT құрылысына қанша жер телімі сатып алынды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жол-көлік инфрақұрылымына қатысты жобаларды жүзеге асыру үшін жекеменшіктегі жер учаскелері мемлекет мұқтажына алынып жатыр. 

Алматыда көше ұзарту мен LRT құрылысына қанша жер телімі сатып алынды
фото: видеодан алынған скрин

Бұған дейін LRT құрылысы үшін Жетісу, Алмалы, Әуезов және Алатау аудандарының аумағында орналасқан учаскелерін мәжбүрлі түрде сатып алынатыны белгілі болды.

Kazinform агенттігі Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасына сауал жолдап, бұл бағыттағы жұмыс қаншалықты алға жылжығанын сұрады. Ведомство жауабына сәйкес, жеңіл рельсті көлік желісінің бірінші кезеңін салу үшін 270 жер телімі жұмысқа алынған. Оның ішінде 229 учаске уақытша жер пайдалану құқығымен жекеменшікке берілген. Қазір оларды жалға беруді тоқтату бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Тағы 17 учаске уәкілетті органдарға тиесілі, яғни сатып алуды қажет етпейді. Ал 24 жер телімі жекеменшікте, оның 18-інде билборд орналасқан.

— Қазір 1 учаске сатып алынды. 20 жер телімінің иесі өтемақы сомасымен танысу кезеңінде. Қалған 3 учаскені бағалау жүргізуге өтінім берілді, — деп хабарлады ведомство.

Төле би, Рысқұлов, Жұбанов көшелері — қанша жер алынды


Төле би көшесін Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту мақсатында әкімдік қаулыларына сәйкес, барлығы 254 жер телімі қайтарылуға тиіс болған. Жер қатынастары басқармасы 2026 жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша 253 жер телімі сатып алынғанын атап өтті. Бір учаске сотта апелляциялық қаралымнан өтіп жатыр.

Ал Рысқұлов даңғылын Оңғарсынова көшесінен қала шекарасына дейін ұзартуға 224 жер телімін мемлекет мұқтажына алу қажет болды.

Тамыз айындағы жағдай бойынша мұнда да тек 1 жер телімін сатып алу қалған. Қазір қалған 223 учаске мемлекет меншігіне өткен.


Ал Жұбанов көшесін ұзарту үшін сатып алынатын учаскелер әлі де аз емес. Бұл жол Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзартылу тиіс. Ол үшін бүгінде 248 жер телімі сатып алынған. Тағы 16 учаске сот өндірісінде болса, 15 учаске жұмыс барысында. Барлығы әкімдік қаулылары бойынша 279 жер телімі мәжбүрлі түрде алынып жатыр.

Әлеуметтік желіде жүргізушілер Рысқұлов даңғылының жаңа учаскесінен бейнежазбалар жариялап жатыр. Желі қолданушыларының айтуынша, көшенің ұзартылып жатқан бөлігі көліктер үшін ашылған. Жол жұмыстары аяқталуға жақын.

Барлық жұмыстар толық аяқталмаса да, Төле би көшесінің жаңа бөлігімен де көліктер жүріп жатыр. Бұл жаңалықпен тұрғындар желіде бөлісті.

Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімі қыркүйекте 3 көшенің ұзартылған учаскелері ашылатынын айтқан болатын.