Алматыда құрбандық шалатын 12 орын белгіленді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Мегаполисте биыл құрбандық шалуға 12 орын белгіленді. Бұл туралы брифинг барысында Алматы қаласының бас имамы Оспан Төлеби айтты.

– Биыл қасиетті Құрбан айт мейрамын мұсылмандар 6, 7 және 8 маусым күндері атап өтеді. Алматының алты ауданында осыған орай үлкен мешіттерге жақын жерде құрбан шалатын 12 арнаулы орын ашылды,– деді спикер.
Атап айтар болсақ, Алатау ауданы бойынша – Мырзахмет мешіті, Әскер ата мешіті, Алғабас мешіті;
– Бостандық ауданы бойынша – Бақыткелді мешіті;
– Медеу ауданы бойынша – Омар ибн әл-Хаттаб мешіті, Аманқұл ата мешіті, Фатима мешіті, Райымбек батыр және Арафат мешіті;
– Наурызбай батыр ауданы бойынша – Қалқаман-2 мешіті;
– Түріксіб ауданы бойынша – Қайрат мешіті;
– Жетісу ауданы бойынша – Әл-Мәдина мешіті.
6 маусым күні таңғы сағат 06:00-де қаланың 56 мешітінде Айт намазы оқылады.
– Намаздан кейін бірден құрбандық шалу рәсімі басталады. Құрбан айт - бұл жай ғана рәсім емес, бұл - жанашырлық пен сауапты іс. Бұл күндері мұқтаж жандарға қол ұшын созып, бауырмал болып, ізгілікке ұмтылған дұрыс,– деді Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан.
Оның айтуынша, жылдағыдай арнаулы орындарда мал сатылып, құрбандық шалынып, ет таратылады. Барлық орын таза, шариғат нормаларына сай келеді. Діни рәсімді мешіттің қызметкерлері бақылайтын болады.
Діни шаралардан бөлек, дәстүрлі мерекелік бағдарлама да жоспарланған. Құрбан айт мерекесіне орай барлық мешіттерде киіз үйлер тігіліп, мерекелік дастархан жайылады, ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылады.
Айта кетейік, Құрбан Айт - мұсылмандардың ең маңызды мерекелерінің бірі, ол Ораза аяқталғаннан кейін 70-күні тойланады.
Осыған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ел өңірлеріндегі Құрбан айт намазының кестесін жариялаған болатын.