Алматыда мәжбүрлі түрде екі заңсыз нысан бұзылып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бостандық ауданындағы нысандар сот орындаушылардың қатысуымен бұзылып жатыр.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, Қала құрылысын бақылау басқармасы жоспардан тыс тексеріс барысында «Нұр-Алатау» шағын ауданы, Қ.Тауасарұлы көшесі, 71/21 мекенжайында орналасқан бір жер теліміндегі 3 қабатты екі үйдің рұқсатсыз салынғанын анықтаған. Осыған байланысты меншік иелеріне әкімшілік шаралар қолданылған. Кейін бұл іс бойынша сот ұзаққа созылып, 2024 жылдың 31 қаңтарында Алматы сотының қаулысымен аудандық соттың нысандарды бұзу туралы шешімі күшінде қалған.

— Сот шешімін орындау мақсатында меншік иелері бастапқыда нысанды өз еркімен бұза бастаған. Алайда кейін бұл жұмыстардың толық аяқталмағаны белгілі болды. Қазіргі уақытта екі ғимарат сот орындаушылардың қадағалауымен мәжбүрлі түрде бұзылып жатыр, — деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, Алматыда 2022 жылдан бері 88 заңсыз нысан бұзылғанын жазғанбыз.