Алматыда Медеуге барар жолда жол апаты болды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда Медеуut барар жолда екі көлік соқтығысып, салдарынан 4 адам зардап шекті.

Жол апаты болған жерден түсірілген видео әлеуметтік желіге тарап кетті.
«Медеуге барар жолда қорқынышты жол апаты болды», - делінеді постта.
Алматы қалалық полиция департаменті аталған жол апаты Медеу ауданында 5 сәуірде сағат 22:50-де болғанын хабарлады.
«Тoyota Camry автокөлігінің жүргізушісі Керей-Жәнібек хандар көшесі бойымен оңтүстік бағытта келе жатқанда көлікке ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып Mitsubishi маркалы автокөлігімен соқтығысады. Жол апаты салдарынан екі көліктің жүргізушісі мен жолаушылары, жиыны 4 адам дене жарақаттарын алып, медициналық көмекке жүгінді», - деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аталмыш жол апатын Медеу ауданының полиция басқармасының қызметкерлері тексеріп жатыр.
Еске салайық, Алматыда адам өліміне әкелген жол апаты болған еді.
Сондай-ақ Алматыда самокат пен мопедтердің қозғалысына бақылау күшейгенін хабарлағанбыз.