Алматыда Мырзекен Құсымжанов тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда белгілі хирург, мемлекет қайраткері Мырзекен Құсымжанов тұрған үйге (П. Чайковский, 178) ескерткіш тақта орнатылды.

1932 жылғы 5 ақпанда Абай облысының Абыралы ауданында дүниеге келген дәрігер өзі туған өлкеде алғашқы аудандық аурухана салғызуға мұрындық болып, Семей полигонының іргесін мекен еткен жерлестеріне күрделі ота жасап танылған.

Осы өлкеде акушерлік қызметтің дамуына да тікелей ықпал еткен.

1983 жылдан 1996 жылға дейін ҚР Әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары қызметін атқарды.
Мемориалдық тақтаның ашылуында бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Василий Девятко, ҰҒА академигі Вячеслав Локшин, сондай-ақ Асқарбек Құсайынов, Қадыр Омаров, Кеңес Үшбаев, Болатбек Нәсенов, Маққам Төленов, Зұлқайыр Мансұров сияқты профессорлар сөз сөйлеп, естелік айтты.

Мырзекен Құсымжановты дәрігерлер династиясының бастауында тұрған адам деуге де болады. Ұлы Сүният Құсымжанов академик Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының профессоры, жоғары санаттағы хирург-уролог, «Алтын қандауыр» сыйлығының лауреаты болса, қызы Жанар Құсымжанова ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің вице-президенті.


Еске салсақ, былтыр Ташкентте қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді әйел-дәрігер Гүлсім Асфендияроваға арналған мемориалдық кешен ашылып, құлпытасы жаңартылған еді.